Екібастұз қаласындағы Естай айтындағы музыка мектебінде ұйымдастырылған кеште Естай әндері шырқалды.
Асылдың сынығын Екібастұз қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов арнайы келіп құттықтады. Ол өз сөзінде әйгілі жерлесіміздің қолында өскен Зекен апаның бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның директоры Амангелді Қожанов мерейтой иесіне облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің құттықтау хатын табыстады.

Зекен Жанәбілқызының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға халық көп жиналып, сахнада республикаға танымал өнерпаздар өнер көрсетті. Жұртшылық И.Байзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздарының өнеріне тәнті болды. Сондай-ақ есімдері елге мәлім дәстүрлі әншілер Медғат Манап, Амангелді Қожанов, Жанболат Байсолтан, Нұржан Сарқамбаев, күйші Қайрат Айтбаев кештің ажарын кіргізді. Естай атындағы Екібастұз музыка мектебінің жас таланттары да өз өнерлерін паш етті. Кеш барысында Естай туралы деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.

Еске сала кетейік, былтыр Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде аталып өткен болатын. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың бастамасымен Екібастұздағы музыка мектебіне Естай Беркімбайұлының есімі берілген.

Әнші-композитор Естай Беркімбайұлының Жанәбіл есімді үлкен ұлынан екі немере қалған болатын. Оның бірі 90 жылдығын атап өткен Зекен апа, екіншісі 80 жастан асқан Сарыторғай апа. Зекен апа Екібастұздың Зеленая роща ауылында, ал Сарыторғай апа Ертіс ауданының Қосағаш ауылында тұрады.

 

Фото: Рымбек Егінбайұлы

pavlodarnews.kz

Тэги: