Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов атап өткендей, биыл «Спорт-ситиде» ашылатын нысандар ашық аспан астындағы футбол алаңымен шектелмейді.

- Біз осы футбол алаңының сапасына өз бағаларын берсін деп Ertis ФК қосалқы құрамының ойыншыларын әдейілеп шақырдық, - дейді Асхат Оралов. – Өйткені, бұл нысандар спортшылар үшін салынуда. Жастарымыздың спортпен айналысуына барлық жағдай туғызуға тырысудамыз. Павлодар – еліміздің футбол астанасы болып есептеледі. Командамыз Қазақстанның бес дүркін чемпионы екені мәлім. Өскелең ұрпақ осындай жетістіктерге қарап бой түзесін деп тілейміз.

Оған қоса, Тәуелсіздік Күніне орай «Спорт-ситиде» стандартты өлшемді футбол манежі ашылады. Онда футболшылар үшін барлық жағдай жасалады. Жалпы бүгінде облысымызда 192 шағын және 15 стандартты футбол алаңдары бар.

Ertis футбол клубы қосалқы құрамының қақпашысы Шыңғыс Нариманның сөзіне сенсек, көгалдың сапасы жақсы.

- Әрине, бізде ауа райының жағдайына байланысты табиғи көгал төсеуге мүмкіндік жоқ. Дегенмен, мұндағы көгалдың сапасы көңіл көншітерлік. Алдағы уақытта жақсы нәтижелер көрсетуге тырысамыз, - дейді Шыңғыс Нариман.

Асхат Ораловтың айтуынша, өңіріміздегі спорт инфрақұрылымының дамуы футболмен шектелмейді. Мәселен, хоккейшілерді қолдау мақсатымен аталған құрылыс алаңында биыл жаңа жабық мұз айдыны пайдалануға берілмек.

- Одан бөлек, күні кеше облыс әкімі Болат Бақауов Усолка мөлтек ауданында тағы бір жабық мұз айдынын салуды бұйырды. Оны жобалау мен құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады деп күтілуде, - дейді Асхат Оралов.

Жабық мұз айдындар «Астана» мұз сарайына түсетін жүкті жеңілдету мақсатында салынбақ.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: футбол, Спорт-сити, Асхат Оралов, хоккей