Марат Айдашев айтқандай, қазірде «Спорт-сити» кешенінде салынып, желтоқсан айында ашылатын футбол манежінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. 1 қарашаға дейін бұл жұмыстар аяқталып, сол күні жасанды футбол көгалын төсеу басталмақ.

Анық болғандай, стандартты өлшемді футбол манежінде көрермендерге арналған мінберлер орнату көзделмеген. Осы орайда үш мың жанкүйерді қабылдай алатын Қостанайдағы «Тобыл Аренаны» мысалға келтірген агенттік тілшісіне жауап берген өңіріміздің бас спортшысы өз пайымымен бөлісті.

- Бар мәселе жоба құнында, - дейді Марат Айдашев. – Атап айтсақ, біздің манеж 1,2 миллиард теңге тұрса, олардікі – бес миллиард теңге. Оның үстіне бізде мінберлері бар манеж салудың қажеттілігі жоқ. Неге десеңіз, Орталық стадионымызда кез келген ауа райында футбол матчтарын өткізуге мүмкіндік беретін көгалды жылыту жүйесі бар. Олар болса, өз манежінде көктемде 2-3 матч, күзде 2-3 матч қана өткізеді. Төрт-бес ойын үшін бес миллиард теңге жұмсауды жөн санамаймыз. Оданша біз ол ақшаға балаларымызға арналған жаттығу базаларын салғанымыз артық.

Марат Айдашев айтқандай, келер жылы Орталық стадионның жасанды көгалы ауыстырылып, жеңіл атлетикалық жолақтар жаңартылады. Бас спорт кешенінің жөндеу жұмыстары мұнымен шектелмей, алдағы уақытта стадион мінберлері де жөндеуден өткізілетін болады.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Марат Айдашев, Орталық стадион, манеж, көрермен, футбол