Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Арыстан Қабыкенов және Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов төтенше жағдайлар департаменті құрылымындағы қызметкерлерді төл мерекемен құттықтады.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Ернұр Өтегенов жыл басынан бері өңірдегі төтеншеліктер 493 адамды құтқарып қалғанын атап өтті.

- 2019 жылдың 9 айындағы көрсеткіш бойынша құтқарушылар 4 мыңнан астам дабылдық шақыруға шықты, - деді Ернұр Өтегенов. – Нәтижесінде 493 адам құтқарылды. 1882 адам эвакуацияланды. 250-ден астам адамға дәрігерге дейінгі көмек көрсетілді. Өрт сөндірушілер қызметі – нағыз ерліктің қызметі. Оларға өртпен күресуге тура келеді. Жанып жатқан ғимараттарда жүреді. Биыл өрт сөндірушілер апат алаңынан 108 газ балонын алып шықты. Құтқарушылар 10 адамды судан аман алып қалды. Осыдан 24 жыл бұрын елімізде төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылған болатын. Содан бері осы саладағы мамандар ел азаматтарының амандығы мен игілігі үшін қызмет атқарып келеді.

Шара барысында төтенше жағдайда ерлік көрсеткен, қызметте үздік шыққан, азаматтық қорғау саласын дамытуға үлес қосқан қызметкерлерге Павлодар облысы мен қала әкімдерінің, ҚР ішкі істер министрлігінің және облыстық департаменттің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары табысталды. Сондай-ақ жаңа шендер беріліп, арнайы медаль иегерлері анықталды.

Сонымен қатар, апатты жағдайда батылдық танытқан өңір тұрғындары да марапатқа ие болды.

9 шілдеде Аққулы ауылына жақын маңда әпкелі-сіңлілі 3 қызды құтқарып қалған полиция аға лейтенанты Ғалымбек Жұмабаев және 12 тамызда Усолка өзенінің жағалауында екі баланы құтқарып қалған Амангелді Хамзин ҚР Ішкі істер министрлігінің «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медальдарымен марапатталды. Оған қоса, Амангелді Хамзин жағаға алып шыққаннан кейін есеңгіреп қалған балаға алғашқы медициналық көмек көрсеткен Дарья Матюшонок ҚР ІІМ Алғыс хатына ие болды.

Төтенше жағдай қызметкерлері сала ардагерлеріне де құрмет көрсетіп, мерекелік марапттар табыстады. Шара соңында қызмет кезінде ерлікпен көз жұмған құтарушыларды еске алды.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, мереке, ТЖ, ТЖД