Шараға Румынияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасындағы Румыния елшілігінің сауда-экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Чезар Маноле Армяну, облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов, қала тұрғындары мен жастар қатысты.

- Киелі Ертіс-Баян өңіріне қош келдіңіздер! – деді Асхат Оралов. - Бұл аймақта ұлы ғалымдар, суретшілер, академиктер, билер және көптеген атақты тұлғалар дүниеге келген. Біздің облыста Румынияның бірінші кәсіби фотографы Самоилэ Мырзаның көрмесі өтіп жатқанына өте қуаныштымыз. Павлодар облысының алғашқы кәсіби фотографы Дмитрий Багаев екені көпшілікке мәлім. Оның жұмыстарын өте жоғары бағалаймыз және құрметтейміз. Мұндай шаралар екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтады әрі мәдени бірлестіктерді ынталандыра түседі. Бастауында Тұңғыш Перзидент Нұрсұлтан Назарбаев тұрған Қазақстан халқы Ассамблеясы келесі жылы 25 жылдық мерейтойын атап өтеді. Облыс әкімі, облыстық ҚХА филиалының төрағасы Болат Бақауовтың тапсырмасы бойынша осы бағытта жұмыс әрі қарай жалғасады.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары мәртебелі мейманға Ертіс өңірінің тарихы туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған кітап сыйға тартты.

Чезар Маноле Армяну Павлодар облысының әкіміне көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін ризашылығын жеткізді.

- Біз үшін мәдениет және білім салаларын дамыту өте маңызды, - деп атап өтті Румыния елшісі. – Кеше музейді аралап шыққаннан кейін экспонаттар мен жергілікті тарихтан үлкен әсер алдым. Мұндай шаралар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты дамытуда маңызды рөл атқарады.

Музей директоры Гүлнар Нұрахметованың айтуынша, халықаралық көрме музейде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Мұнда Самоилэ Мырзаның І Дүниежүзілік соғыс кезінде адамдар мен көшелерді, сол халықтың өмірі мен салт-дәстүрін түсірген суреттері қойылып отыр.

- Румыния елшісі бірінші рет Ертіс өңіріне келген кезде Дмитрий Багаевтің музейінде болған, - дейді Гүлнар Нұрахметова. - Бұл көрме - Павлодар үшін үлкен мәдени шара. Біздің музейді көргеннен кейін қызығушылық пайда болған. Бұдан кейін өздерінің суреттері мен қолөнершілердің керамикадан жасалған жұмыстарын, ыдыс-аяқтары мен киімдерін  алып келді. Ендігі кезекте бізді өздеріне шақырып отыр.

 

Самоилэ Мырза 1886-1967 жылдар аралығында өмір сүрген румын фотографы. 10 баласы бар отбасында дүниеге келген. Екі сиырды сатып, ақшасына камера сатып алған және 60 жыл бойы сол камераны қолданған. І Дүниежүзілік соғыстың ардагері. 1918 жылы 1 желтоқсанда Румыния мен Трансильвания Одағы жариялаған Ұлы Ұлттық Бірлестіктің жалғыз суреттерін түсіру арқылы танымал болған. Бұл күн Румынияның ұлттық күні ретінде аталып өтеді.

Павлодарлықтар көрмені бір ай көлемінде тамашалай алады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Владимир Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, мәдениет