Кеңес барысында 2019 жылдың тоғыз айы ішінде өңірдің қол жеткізген көрсеткіштері талқыланды.

Облыс басшысы Болат Бақауов жыл соңына дейін уақыттың аз қалғанын ескертіп, проблемалық тұстарды тез арада шешуді тапсырды.

- Жыл соңына дейін небары 50 жұмыс күні қалды, - деді Болат Бақауов. – Оған дейін 70 миллиард теңгені игеруіміз қажет. Инвестициялық жобалар бойынша 25 миллиард теңгеге жуық қаражат орындалуы тиіс. Қазіргі кезде қай тұста қиындық барын анықтап, оларды тез арада көтеруіміз керек.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Дүйсембиновтың айтуынша, өңірлік бюджеттің кіріс бөлігі ойдағыдай жүзеге асырылуда. Жоспардың орындалауына Екібастұз бен Ақсу қалаларынан төнген қауіптер сейілді.

Бюджеттің шығыс бөлігінде болса, жыл соңына дейін 23,6 миллиард теңге игерілуі тиіс. Нұрлан Дүйсембинов мемлекеттік қаражатты игеру жағы ақсаңдап тұрған бірқатар облыс аймақтарын атады.

Мәселен, Павлодарда Толстойдан Мир көшесіне дейінгі созылған 1 Мамыр көшесіндегі шаруашылық-ауызсу магистральдік құбырын қайта жөндеу жұмыстарына қатысты қаражат игерілмей қалу қауіпі бар екендігі анықталды.

Павлодар әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша, конкурстық процедуралар әлі аяқталмаған. Аталған жоба бойынша бюджет қаражатының игерілмеу қаупі бар екендігін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек те мойындады.

Сондай-ақ Май ауданында да жыл соңына дейін 2,4 миллиард теңге игерілмей қалуы мүмкін. Мұндағы проблемалық тұс су құбырының таратушы желілерінің құрылысында болып тұр. Дегенмен, аудан әкімі Марат Ақтаев жыл соңына дейін бұл мәселені түбегейлі шешетініне уәде берді.

Айтуынша, бүгінде Май ауданында тұрғындардың таза ауызсуға қосылу деңгейі 80 пайызға жеткен.

Қорытындылай келе, Нұрлан Дүйсембинов жалпы облыс бойынша объективті себептерді ескергенде, жыл соңына дейін бюджетті игеру көрсеткіші 99,3 пайыз болады деген болжам жасады. Ал 1,6 миллиард теңгелік үнемдеуді ескергенде 2019 жылы бюджетті орындау дәрежесі 100 пайызға жетеді.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Болат Бақауов, бюджет, игеру, Нұрлан Дүйсембинов, Қайрат Нүкенов