Суретші, Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің басшысы Жеңіс Молдабековтың Лефкошадағы Таяу Шығыс университетінде 8 қазан күні ашылған көрмесі 1 айға жалғасады.

- Бұл шараға ұйытқы болып отырған Кипр азаматы, ұлты түрік Суат Гюнсел мырза, - деді Жеңіс Молдабеков. – Бұл азамат – өнердің жанашыры. Сол университеттің іргетасын қалаушылардың бірі. Кипрде халықаралық суретшілер симпозиумын ұйымдастыруда. Бұған 14 түркі тілдес елдің суретшілері қатысуда. Белгілі суретші Сембіғали Смағұлов ағамыз симпозиумға Қазақстан суретшілерінің қатысуына ықпал етіп отыр. Сол ағамыздың шақыртуымен мен маусым айында симпозиумға қатысқан болатынмын. Сол кезде ұйымдастырушылар маған жеке көрме өткізу туралы ұсыныс жасады. 3 айдан кейін әйелім мен қызымды ертіп, отбасыммен көрмені ашып келдік.

Суретшінің айтуынша, Суат Гюнселдің симпозиум мен көрмелерді өткізудегі мақсаты – бауырлас елдердің суретшілерінің басын қосып, өнер арқылы өзгелерге түркі тілдес елдердің ынтымағын көрсету. Әрі келер жылы ашылатын Кипр заманауи өнер музейінің қорын кеңейту.

Жеңіс Молдабек Кипрге барып көрмеге 2 апта дайындалған. Нәтижесінде сол жерде 25 картинасы дүниеге келіп, көрмеге 50-ге жуық туынды қойылды.

- Өзіммен бірге 25 картина алып барғанмын, - деді Жеңіс Молдабеков. – Көрмеге қазақтың ұлттық құндылықтарын білдіретін философиялық жұмыстар қойдым. Ол жақта түстері үйлескен әртүрлі туындылар жасадым. Тамашалауға келген жандар қазақтың көші-қон кезіндегі керуенін, «талпыныс» деген үлкен өзенді кесіп өтіп бара жатқан қос жылқыны, отбасы, қала мен дала сияқты тақырыптағы картиналарымды көре алады. Туындыларым Суат Гюнселдің алдағы жылы ашылатын музейінің қорында сақталады. Бұл мұхит асып жасаған көрмемді менің Жастар жылындағы жетістігім деп білемін. Қазақстандық суртешілер үшін де зор мүмкіндік. Менен кейін еліміздің бірнеше суретшісі көрмесін ұйымдастырмақ.

Көрменің ашылуында Кипрдің энергетика министрі Хасан Тачой көрме иесіне белілі суретші Догдурбек Нургазиев атындағы марапатты табыстады.

Сонымен қатар, көрме барысында Суат Гюнсел Жеңістің кішкентай қызы Айлиннің тұсауын кесті. Суретші қазақы дәстүрмен Суат Гюнселдің иығына шапан жапты.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, суретші, көрме, өнер, мәдениет