Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев айтып өткендей, жалпы алғанда 2019 жылдың тоғыз айы ішінде облыстың даму динамикасы оң сипатқа ие.

Оның ішінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 101,8%-ға артса, ауыл шаруашылығы – 101,3%, бөлшек сауда – 102,3%, көтерме сауда – 105,2%-ға артқан. Облыс экономикасына 299 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Сонымен бірге, Мақсат Тұрлыбаев жыл соңына дейін облыс дамуына жасаған жоспарларымен таныстырды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысының сөзіне қарағанда, құрылыс саласында көзделген межені орындамау қаупі сақталуда.

- Биылға жоспарланған 101,8% көрсеткішіне жету үшін үш айда жалпы құны 71 миллиард теңге құрылыс көлемін қамтамасыз ету қажет, - дейді Мақсат Тұрлыбаев. – Облыс қалалары мен аудандары биыл құны 178,2 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстарын орындайды. Бұл салада тағы 30 миллиард теңге жетіспейді.

Сонымен бірге баспана құрылысы саласындағы оң динамикаға қол жеткізу үшін биыл 284,4 мың шаршы метр үй-жай салу керек. Жыл соңына дейін қосымша 123,2 мың шаршы метр баспана салу қажет.

Кеңес барысында облыс әкімі Болат Бақауов өңір өндірісі динамикасын 102 пайыздан кем емес деңгейде сақтау керектігіне назар аударды.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: бюджет, Болат Бақауов, Мақсат Тұрлыбаев, құрылыс