Сахна шебері, әсем дауысты әнші Суат Әбусейітов 1929 жылы 4 қараша күні Павлодар облысы Баянауыл ауданы қазіргі МәшҺүр Жүсіп ауылында дүниеге келген. Әншінің туған ағасы кинорежиссер, актер, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қуат Әбусейітов – қазақ кино өнерінің дамуына орасан зор үлес қосқан әйгілі өнер қайраткері.

Еске алу кешіне Суат Әбусейітовтің туыстары мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ дарынды балаларға арналған музыкалық колледждің студенттері қатысты.

- Даңқты жерлесіміз – Болгария , Чехославакия, Монғолия, Германия сияқты шет елдерде болғанында ұлттық ән өнерін насихаттаудан еш жалықпаған талғампаз әнші, - деді музей қызметкері Амангелді Егінбай. – Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері «Екі жирен», «Жеңеше», қазақ композиторларының «Тербеледі тың дала», «Баянауыл вальсі», «Ауылым» және өзге де көптеген әндер болған. 1947 жылдан бастап көптеген фильмдердің дубляжына қатысып, «Бұл Шұғылада болған еді», «Біз осында тұрамыз» , «Найзатас бөктерінде» атты көркемсуретті фильмдерге түсті. Туған ағасы Қуат Әбусейітов Суаттың шығармашылығы туралы да музыкалы фильм түсірді.

Кеш барысында Суат Әбусейітовтің бейнебаяндары мен өзі ойнаған фильмдерінен үзінді көрсетілді. Оған қоса, әншінің жақын туысы Қабдікәрім Әбусейітов, аталас туысы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Арслан Көпеев сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар, дәстүрлі әнші Айдын Канапин мен музейдің талантты әншісі Арынғазина Сәуле әншінің репертуарындағы әндерді орындады. Кештің соңы республикалық бата беру сайысының жеңімпазы Балтабай Сыздықовтың батасымен аяқталды.

Айта кетейік, Суат Әуезбекұлы Әбусейітов 1949 жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының вокалдық факультетін бітірді. Консерваторияны аяқтағаннан кейін 1949-1955 жылдары «Қазақфильмде», 1955-1963 жылдары қазақтың ұлттық ән-би ансамблінде, ал 1963 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ телевизиясы мен радиосының эстрадалық оркестрінде әнші болып қызмет атқарған.

Суат Әбусейітов қазақ радиосының алтын қорына 2,5 мыңнан астам ән, романс, ариялар жазып және «Туған жер», «Ертісім» атты туындыларды дүниеге әкелді. Суат Москвада, Ереванда және Ташкентте өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің Онкүндіктеріне қатысты. Ол 1957 жылы Москва қаласында өткен бүкіл дүниежүзілік Жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты атанды.

Суат Әбусейітовке ұлттық өнерді дамытуға қосқан орасан зор еңбегі үшін «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары берілді. Ол адал еңбегі арқасында «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл ту» ордендерімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «КСРО қарулы күштерінің үздік қамқоршысы» белгісімен марапатталды.

Оразбек Саяхат
Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, музей, Суат Әбусейітов, еске алу кеші