Тексеру нәтижелері облыс әкімдігінде өткен жиында тыңдалды. Облыстық әкімшіліктің ішкі аудит қызметінің жетекшісі Ольга Крупникованың айтуынша, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын аудандық коммуналдық кәсіпорындар сумен қамтамасыз ету желілерін дұрыс қолданады. Бірақ олар тұтынушылармен келісім жасасу және көрсетілген қызметтерге уақытылы төлем жасау жұмыстарын нашар жүргізуде.

- «Ақтоғай Сервис» коммуналдық кәсіпорынында жіберілген су көлемі мен оның төлемі арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар, - деді Ольга Крупникова. – Тексеріс өткен кезеңде тұтынушыларға 75 мың текше метр су жіберілді. Ал, төлем бар-жоғы 5,7 мың текше метр үшін ғана түсті. Бұл нақты тұтынылған су мөлшерінен 13 есе аз. Оған қоса, компанияның жоғалтқан кірісі 9,5 миллион теңгені құрады.

Аққулы ауданында «Аққу Сервис» коммуналдық кәсіпорны жеке кәсіпкерлермен үш ауылдағы су құбырларына және төрт ауылдағы кешенді блок-модульдерге қызмет көрсету туралы келісімшарттар жасаған. Бұл ауылдардың тұрғындары су үшін кәсіпорынға емес, жеке кәсіпкерлерге ақы төлейді. Сонда желілерді күтіп ұстауға кеткен шығындарды кәсіпорын, яғни бюджет өз мойнына алады, ал, оларды пайдаланудан түскен кірісті жеке кәсіпкерлер алады.

- Баянауыл ауданындағы «Серпіліс» кәсіпорнында есеп айырысу шотындағы қаржы кассалық машинаны айналып өтіп, қолма-қол жүреді, - деп жалғастырды тексеруші. – Тексеру нәтижесінде кәсіпорын директоры банктен қолма-қол 15,7 миллион теңге көлемінде ақша алғандығы анықталды. Банкке тек 800 мың теңгені растайтын құжат ұсынылған. Қалған 14,9 миллион теңге тексеріс кезінде ғана қайтарылды.
Ауылдарда коммуналдық кәсіпорындардың жұмысын жақсарту үшін оларды бәсекелестік ортаға беру ұсынылды. Павлодар облысының әкімі қалалар мен аудан әкімдіктерінің 2020 жылға арналған бюджеттегі барлық шығындарын қайта қарауды, ведомстволық бағыныстағы кәсіпорындардың жағдайын талдауды және жекешелендіру мен оңтайландыру бойынша нақты ұсыныстар беруді талап етті.

- Мақсат - бәрін қысқарту емес, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және оларды іскерлік түрде бөлу, - деп қорытындылады Болат Бақауов. – Облыста әлі де оңтайландыратын, біріктіретін, қысқартылатын ұйымдар бар. Бірақ олар бюджеттен үлкен қаржы ала отырып, тиімсіз жұмыс істеуді жалғастыруда. Жекешелендіру немесе сенімгерлік басқаруға беру туралы бірде-бір ұсыныс жоқ. Жергілікті орындарда коммуналдық кәсіпорындарға жабысып отыруды жалғастыруда! Сіздер оларды бюджет есебінен ұстай берсеңіздер, олар арқылы ақша табуға ешқандай қызығушылық болмайды.

Дулат Райымбек
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, аудандар, коммуналдық кәсіпорын, бюджет