Аталмыш іс-шара «Жолдағы қабылдау» акциясы аясында жүзеге асырылуда. Оған өңірлік полиция департаменті, жергілікті, әкімшілік полиция және көші-қон қызметі өкілдері қатысуда. Акция облысымыздың қалалары мен аудандарында да өткізілуде.

Қабылдау барысы Instagram желісінде тікелей эфирде көрсетілуде. Сұрақтар осы байланыс арнасы арқылы да қабылдануда.

Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Ғалым Сарғұловтың сөзіне қарағанда, аталған қабылдау кезінде азаматтардың сауалдарына мамандарылған жауап беріледі.

- Қабылдау «Жолдағы қабылдау» акциясының жетінші кезеңі аясында өткізілуде, - дейді Ғалым Сарғұлов. – Мұнда халықпен жұмыс істейтін негізгі қызметтер мамандары келіп отыр. Тұрғындар көбінесе қоғамдық тәртіпті сақтау, жол жүру қауіпсіздігіне қатысты сауалдар қояды.

Жергілікті полиция қызметі бастығының сөзіне дәлел ретінде сұрақтардың көбі жол жүру ережелерін сақтау төңірегінде болды. Әлеуметтік желілерден түскен сауалдардың бірі Крупская-Ак.Бектұров көшелері қиылысындағы жол апаттарының неліктен көп орын алатыны туралы болды. Одан бөлек, кейбір интернет пайдаланушылар «Манақбай» сауда үйі маңындағы 1 Мамыр көшесі бойында жүргізушілер көліктерін жаяу жүргіншілер өтетін жерге қояды деген өкпесін айтты.

Тағы бір қала тұрғыны №41 мектеп маңындағы Малайсары батыр көшесінде көлік жүрісін баяулататын жасанды кедергі орнатуды өтінді.

Ғалым Сарғұлов барлық сауалдарды мұқият тыңдап, мүмкіндігінше көмектесуге уәдесін берді. Жаяу жүргіншілердің жауапкершілігі жайындағы сұраққа жауап берген ол 2019 жылдың басынан бастап облыста жол жүру ережесін бұзған 1,5 мың жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Қабылдау ертең облыстық полиция департаментінің фронт-офисінде жалғасын табады. Акция кезінде 09:00-ден 19:00-ге дейін тұрғындардың сұрақтары облыстық полиция департаментінің 8 (7182) 37-80-15 телефоны бойынша қабылданады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: полиция, ЖПҚ, Ғалым Сарғұлов, жол жүру қауіпсіздігі, «Nur Otan»