Аталған қос қарсылас биылғы біріншілікте өзара екі кездесу өткізіп үлгерді. Павлодарлық команда 2019 жылғы Премьер-Лигада өз алаңындағы алғашқы матчын дәл осы қызылордалық ұжымға қарсы өткізген. Бұл ойын 30 наурызда өтіп, қонақтардың пайдасына шешілген еді.

Естеріңізде болса, матчтың 91-минутында Тигран Барсегян Ertis қорғанысын жеке дара бұзып өтіп, допты Мақсат Байжановқа берген еді. Өз кезегінде Байжанов сол кездесудің жалғыз добын соғып, павлодарлықтарды қара жерге отырғызды.

Екі айдан соң біріншіліктің 13-турында Қызылордада «Қайсар» Ertis командасын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Ойында басымдыққа ие болған қызылордалықтар тағы да сол Тигран Барсегян және Абдель Ламанж голдарының арқасында үш ұпайға қол жеткізді.

Турнир кестесіне үңілсек, қарсыласымыз 40 ұпаймен алтыншы орында, Ertis – 28 ұпаймен тоғызыншы орында келеді. Тағы бір айта кететін жайт, жақында «Қайсар» Қазақстан Кубогінің иегері атанды. Осы факт команданың ойнына оң әсер тигізуімен бірге, теріс ықпал етуі әбден мүмкін.

Қызылордалықтар құрамындағы басты қауіп төндіретін футболшы ретінде бірден жоғарыда аталған армениялық жартылай қорғаушы Тигран Барсегянді атауға болады. Барсегян - тек өз командасында ғана емес, жалпы чемпионатта ойнап жүрген үздік футболшылардың бірі. Одан бөлек, орталық шепте Думан Нәрзілдаев пен қорғаушы Иван Граф «Қайсардың» көшбасшы ойыншыларының бірі болып табылады.

Ertis – «Қайсар» кездесуі 19 қазанда сағат 16:00-де басталады. Кіру тегін.

Айбек Жұматов

pavlodarnews.kz

Тэги: Ertis ФК, Ертіс ФК, ҚПЛ, Премьер-Лига, футбол