Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Биылғы 9 айдың өзінде құқыққорғау органдарында осындай 869 құқықбұзушылық пен 10 қылмыстық іс тіркелген. Бүгінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы түсіндіру, алдын алу шараларына мықтап кіріскендерін айтады. Осы күнге дейін 50 ауылды аралап, 1 мыңға жуық кездесу өткізген. Әйелдерге қоқан-лоқы көрсеткен 3600-ге жуық адам есепке алынған. Олар мұндай әрекетке тағы барып, жәбір көрсетуін тоқтатпаса іс сотқа жолданады.

«Әкімшілік құқықбұзушылық болса 10 тәулікке дейін қамаққа алынады. Одан қылмыстық іс болса соттың шешімімен 3-4 жылға дейін жазалануы мүмкін. Көбінесе ауылдық жерлерде полиция қызметкерлерін шақырып, кейіннен сотқа бармаймыз деп қыз-келіншектер арыз жазудан бас тартады. Енді ол жағдайда біз Қорғау нұсқамаларын қоямыз», - дейді облыстық Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Ақмарал Жанысова.

Өңірдегі тұрмыстық теперіш көрген нәзік жандылардың паналайтын бірден-бір орны ол – Зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсетудің облыстық орталығы. Бүгінгі таңда бұл мекемеде 5 келіншек 15 баламен тұрып жатыр. Биыл жыл басынан бері 138 адам көмекке жүгінген. Олардың басым көпшілігі Байзақ пен Қордай аудандарынан келген. Жалпы мұнда соңғы 5 жылда 600-ге жуық адамға қызмет көрсетілген. Оның 391-і – балалар.

«Бізге келген әйелдердің 60 проценті отбасына қосылады. Қосылмайтындары да бар. Қосылмайтындарын осы жерде жұмыспен қамтып, еңбекке баулимыз. Әйтпесе оларды жұмысқа тұрғызамыз. Отбасына оралмағаннан кейін өздерінің өмір сүріп кетуі үшін көмектесеміз. Әйелдер мұнда өз-өзіне келгенше 1 айдан 6 айға дейін тұруларына болады. Оларға психологиялық, құқықтық-әлеуметтік жәрдем жағынан 8 түрлі қызмет көрсетіледі», - дейді аталмыш орталықтың директоры Жамал Қалыбекова.

pavlodarnews.kz

Тэги: