Матчтың 36-минутында Ertis есепте алға шықты – пенальти соққысын француз легионері Жереми Манзорро дәл орындады. Пенальти белгіленген сәтте «Қайсар» футболшысы Александр Марочкиннің қуылғанын айта кеткен жөн. Матч барысында қызылордалықтар құрамы тағы бір ойыншыға азаяды: 80-минутта Иван Садовничий жасыл алаңды босатуға мәжбүр болады.

Үзілістен соң футболшыларымыз есепті еселей түсті. Бұрыштамадан кейін «Қайсар» қақпасы алдындағы қарбаласты Руслан Есімов сәтті пайдаланып, допты торға түсіреді – 2:0. Дегемен, ойын тағдырын өзгертуге ұмтылмаса «Қайсардың» аты «Қайсар» болар ма еді: 56-минутта қонақтар қорғаушысы Абдель Ламанж бұрыштамадан көтерілген допты баспен Андрей Пасеченко қорғаған қақпаға дәл бағыттады.

Қалай болғанда да, қызылордалықтар одан артық жетістікке қол жеткізе алмай, Кубок финалындағы жеңісінен соң Павлодарда амалсыз тізе бүкті. Қорытынды есеп 2:1.

Павлодарлықтардың бұл жеңісі турнирлік жағдайды біршама жақсартуға жол ашты. 31 ұпай жинаған Ertis сегізінші орындағы «Шахтерге» екі ұпай қашықтыққа жақындады. Алайда, қарағандылықтардың қосымша екі ойны бар.

Чемпионат аяқталғанға дейін Милан Миланович шәкірттері әлі үш кездесу өткізеді. Үшеуі де Премьер-Лига көшбасшыларына қарсы.

Келесі матчты Ertis 26 қазанда сырт алаңда «Ордабасыға» қарсы өткізсе, 3 қарашада өз алаңында «Қайратқа» қарсы ойнайды. Біріншілік Ertis үшін Нұр-Сұлтанда «Астанаға» қарсы кездесумен аяқталады.

Айбек Жұматов

Фото: Ertis ФК 

pavlodarnews.kz

Тэги: Ertis ФК, Ертіс ФК, футбол, ҚПЛ, Премьер-Лига