Қамқоршылық кеңестерімен өткен кездесуде ата-аналар облыс әкімі Болат Бақауовтан мектептерде арнайы шкафтар қоюды сұрады. Екібастұз қаласының №36 мектебінің қамқоршылық кеңесінің басшысы Қарлығаш  Рақпарова оқу мекемелерінде киім ауыстыратын орындарға байланысты қиындықтар бар екенін жеткізді. 

- Кей кездері оқушылар киімдерін қалдыратын жер таппайды, олардың сөмкелері де тым ауыр, - деді Қарлығаш Рақпарова. – Мектеп дәліздерінде кішкентай шкафтар қойылса, мәселе шешімін табар еді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық бюджетте төрт орындық 1275 дана шкаф орнату үшін 100 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Локер деп аталатын кішкене шкафтар облыстағы үш қаланың әрбір алтыншы мектебінде орналастырылады. Шкафтар бастауыш сынып оқушылары арасында бөлінеді.

- Өзімнің де төрт балам мектепте оқиды. Олар таңертең мектепке бара жатқанда сөмкелерін көтеруге көмектесемін, - деді Болат Бақауов. – Шкафтар орнату жұмысын жүйелі түрде жалғастыратын боламыз.

Бұл мәселе бойынша облыс әкіміне оның Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына да өтініштер келіп түскен. Қамқоршылық кеңестерімен кездесу алдында аймақ басшысы пост жариялап, ата-аналардың ұсыныстарын сұраған. Бір тәулік ішінде жазылушылар 350-ден астам пікір жазған болса, олардың 51-і мектептерді шкафтармен және жаңа жиһазбен қамтамасыз етуге байланысты болды.

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: мектеп, білім, Павлодар облысы, Болат Бақауов