Осыған дейін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде Ертіс ауданына қарасты Голубовка мен Қызылқақ ауылдарында ірі қара малдың инфекциялық ринотрахеитке шалдыққаны туралы ақпарат жарияланған болатын.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Апсалықовтың мәлімдеуінше, қазіргі кезде ірі қара малдың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Карантин жарияланған жоқ. Ринотрахеитке шалдыққан малдың саны аз.

- Голубовка мен Қызылқақ ауылдарындағы малдың жағдайы қанағаттанарлық, мал басы аман, - дейді Марат Апсалықов. – Бұл дертке шалдыққан малдың саны көп емес. Шамамен 70 бас. Өкінішке орай, бір сиыр көз жұмды. Ауылдар әкімдерінің шешімімен Голубовка мен Қызылқақта мал вакцинацияланып, республикалық эпизоотикалық қарсы жасақ мал қораларын дезинфекциялауда. Содан соң тағы бір рет дезинфекция жасалынып, алынған сынақтар зертханалық инспекцияға жөнелтіледі.

Марат Апсалықов зертханалық инспекцияның қорытындылары бойынша барлық шектеулер алынып тасталатынын айтады.

Айта кетейік, ірі қара малдың инфекциялық ринотрахеиті – малдың қызуы көтеріліп, жоғарғы тыныс жолдарының қатарлы-өліетті қабынуы және жыныс мүшелерінің зақымдануы арқылы ерекшеленетін жұқпалы ауру.

Айбек Жұматов

Фото: Ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: инфекциялық ринотрахеит, сиыр, ірі қара мал, Ертіс ауданы, инфекция