Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппарат жиынында туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарма басшысы Марат Айдашев мәлім етті.

- Ұлттық спорт түрлері – спорт және дене тәрбиесінің ажырамас бөлігі, - деді Марат Айдашев. – Тоғызқұмалақ бойынша спортшылар республикалық және халықаралық жарыстардағы көшбасшы орындарын растауда. Тоғызқұмалақтан облысымыздың құрама командасы мамыр айында Түркияның Анталья қаласында өткен Әлем чемпионатына қатысып, Павлодар қалалық №1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Аружан Абдыханова Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері спорттық атағын орындап, жекелей есепте үшінші орынға ие болды. 21 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Жанат Каймульдин тоғызқұмалақтан «The One Hotel Open» беделді республикалық турнирінде екінші орынға ие болды.

Сондай-ақ биыл мамыр және қыркүйек айларында облыстағы 500-ден астам бала мен жастарды қамтумен Отан қорғаушылар күніне орай «Qazaqstan Jastar Fest» республикалық челленджін қолдау шеңберінде тоғызқұмалақ және асық атудан Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі өтті.

Басқарма басшысы 2019 жылы «Құлагер» ипподромында ат жарыс бойынша 3 ашық қалалық турнир өткізілгенін атап өтті.

- Павлодар облысында ат спортының ұлттық түрлері бойынша жарыстарды өткізу дәстүрлі бола бастады, - деді Марат Айдашев. – «Құлагер» ипподромындағы 3 жарыста жайшабыс, аламан, топ, құнан бәйгелері өтті. Оған қоса, алғаш рет жаппай көкпар бойынша бұқаралық жарыстар өтті. Оған бір уақытта 100-ден астам шабандоз қатысты. Баянауыл ауданында көкпар бойынша қала мен аудандардан 9 команда қатысқан жыл сайынғы облыстық чемпионат ұйымдастырылды.

Марат Айдашевтың айтуынша, 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар қаласының №1 БЖСМ негізінде ат спортының ұлттық түрлері көкпар және аударыспақтан бөлімше ашылды.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев және Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ұлттық спорт, спорт