- Көрші елге тауар экспортына жол ашылғаны үшін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен орынбасары Арыстан Қабыкеновке алғыс білдіргім келеді, - дейді серіктестік директоры Михаил Желнов. - Ресей Федерациясы біздің қойманы жауып тастағаннан кейін облыс басшылығына жүгінген болатынмын. Нәтижесінде Сауда және интеграция министрлігінің вице-министрі Жанель Күшіковамен кездесу ұйымдастырып берді. Әрі қарай бес ай бойы Мәскеумен келіссөз жүргізіліп, тосқауылды алып тастады.

Компания басшысының айтуынша, кәсіпорын 2018 жылы көрші елге 20 тонна өнім өткізген. Алайда Ресей ауыл шаруашылығын қадағалау қызметі биылғы жылы «Айсберг ПВ» ЖШС үшін тауар экспортына шектеу қойған. Басты себеп – бәсекелестік. Салдарынан Новосібір, Томск және Омбы қалаларындағы тоңазытқыштары бос қалған. Бұған қоса, адамдарды жұмыстан шығаруға тура келген.

 - Мұның барлығы үлкен шығынға әкелді, - дейді Михаил Желнов. – Бұл жерде біз Ресей азаматтары байланысының қауіпсіздігін бұзып отырған көрінеміз. Бұл - сылтау. Қазіргі уақытта шектеуді алып тастады. Сондықтан әрі қарай әрекет ету жолдарын ойластырып, ветеринарлармен жұмыс істеп жатырмыз. Ресейліктер біздің өнімді алуға дайын. Ол үшін бірінші қадам жасалды. Әрі қарай біздің мүддемізді таныстыратын министрлік пен Еуразиялық комиссияға байланысты. Яғни, командалық жұмыстың маңызы зор. Бүгінгі күні Қытайға шығу жолын ойластырып жатырмыз. Бұған дейін экспортқа шығу үшін үш жыл дайындалдық. Сертификация, қаптама және сақтау мерзімін жан-жақты қарастыру қажет.

 Өз ісін әрі қарай дамытуды көздеген кәсіпкер «Қарапайым заттардың экономикасы» жобасы бойынша 6 пайызбен 60 млн теңгеге құймақ және хинкали жасайтын аппарат сатып алған. Павлодар, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Екібастұз қалаларында орналасқан филиалдарда барлығы 220 адам еңбек етеді. Сондай-ақ, тауар Қарағанды, Степногорск қалаларына да жіберіледі.

Тұтынушылар үшін ай сайын 80 түрлі 100 тонна өнім шығарылады. Оның ішінде жуырда жаңа желі - хинкали және шие, құлпынай, жидек, ірімшік, ет қосылған құймақтың сегіз түрін іске қосқан. Сондай-ақ, тауарлардың қаптамасы үшін термопленка қолданылады. Ет жергілікті және Қостанай облысының фермерлерінен сатып алынады.

Еске сала кетейік, «Инвесторлар үйінде» Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу бойынша қоғамдық қабылдау комиссиясының отырысында «Айсберг-ПВ» ЖШС басшысы Михаил Желнов көршілес елде жергілікті кәсіпкерлер мен басқа елдің тауар өндірушілеріне теңдей жағдай жасалмайтынына қынжылыс білдірген.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор, Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, экономика