Бұл туралы өңірлік әкімдікте өткен аппараттық жиында облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарма басшысы Марат Айдашев мәлім етті.

- Спорттың 18 түрі бойынша көру, есту мүшелерінің, қимыл-тірек аппаратының зақымдалуымен 1395 мүгедек жан дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тартылды, - деді Марат Айдашев. – Бұл облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы санының 5 пайызын құрайды. 2018 жылдың мамыр айынан бастап 12 жаттықтырушы жұмыс жасайтын мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубы қызмет етеді.

Спикердің айтуынша, аталған санаттағы спортшылар арасында 9 ай ішінде 15 облыстық жарыс өткізілді және спортшылар 5 халықаралық, 16 республикалық жарыстарға қатысып, 35 алтын, 42 күміс, 23 қола медальді жеңіп алды.

- 2019 жылғы 4-6 ақпан аралығында Анталия қаласында таэквондо бойынша өткен Әлем чемпионатында павлодарлық Карен Овсепян қола медальді жеңіп алды. 12-20 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет пара пауэрлифтинг бойынша Әлем чемпионаты өтті. Оған 76 әлем елінен 462 спортшы қатысты. Қазақстан Республикасы құрама командасының намысын 33 атлет қорғаса, олардың қатарына Павлодар облысының 3 спортшысы Юлия Петрусева, Егор Болингер және Сандуғаш Ақанова енді.

Сонымен қатар, қыркүйек айында Ақтөбе қаласында 5 спорт түрінен (жеңіл атлетика, жүзу, пауэрлифтинг, үстел теннисі, оқпен ату) облыстан 32 спортшының қатысуымен ҚР Жазғы Паралимпиада ойындары өтті.

- Облыс құрама командасы жарыс қорытындылары бойынша 50 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 7-орынды иеленді. Оның ішінде 9 қола, 23 күміс және 18 алтын медаль бұйырды. Өңірімізде материалдық ынталандыру және қолдап тұру ретінде 34 адам ай сайынғы ақшалай үлес алып тұрады.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, мүмкіндігі шектеулі жандар, спорт