Ескерткішті Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов пен ақынның күні кеше тоқсанға толған үлкен немересі Зекен Естаева ашты.

Ақынның Естай ауылындағы қабірі басында құран бағышталып, ас берілді. Ақтоғайдың қара нары атанған Бейсенбі Мұқажанұлы Естайдың «Назқоңыр» әнінің мақамында арнау орындады.

Салтанатты жиынға Кенжекөл музыка мектебінің директоры, Естайдың ұрпағы Шәмшия Жағыпарова, Естайтанушы, журналист Фархат Әміренов, басқа да аталас туысқандары,  облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасының басшысы  Ернұр Дәуенов, Павлодар облысының және Ақтоғай ауданының құрметті азаматтары Әбілхақ Түгелбаев мен  Мұхит Омаров қатысы. 

«Ақтоғай – Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының жетекшісі Санат Сейпадамовтың айтуынша, ескерткіш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ақтоғай – Рухани жаңғыру» қоғамдық қоры есебінен әзірленген.

- Дүниеден өткен сәулетші Бота Машраповтың үлгі жобасы негізінде жасалған бюстің жалпы биіктігі 2 метр 28 см құрайды, - дейді Санат Сейпадамов. - Ақынның домбыра ұстап тұрған бейнесі гранит тастан қашалып, Ақтоғай аудандық балалар өнер мектебінің алдына қойылған. Жобаның құны - 4,5 млн теңге. Бюст талантты тұлға Естай Беркімбайұлының есімін мәңгілік ету мақсатында жасалды. Бұл – өнерге, махаббатқа адалдықтың символына айналған ескерткіш.

Айта кетерлігі, ескерткіш бюст орнатылған Ақтоғай аудандық балалар өнер мектебіне ақынның есімін беру көзделіп отыр. Қазіргі уақытта аталған жұмыс облыстық деңгейде қолдау тауып, республикаға бағытталған.

 

Фото: Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімі

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, мәдениет, рухани