Айта кетейік, кеше, 27 қазан күні сапаржайда Павлодардан Қарағандыға шыққан автобустың жолын өзге тасымалдаушының көлігі бөгеген болатын. Осыған байланысты Диана Мұханова басқарма басшылығының тапсырмасы бойынша оқиға орнына барып, мән-жайды көзімен көріп, анықтаған.

- Бізде Павлодар - Қарағанды бағыты бойынша ресми тасымалдаушымыз бар, - деді Диана Мұханова. – Ол – «Балатабаев» ЖК. Тасымалдаушы темір жол вокзалының жанындағы «Сапаржай Павлодар» ЖШС-мен келісімшартқа отырған. Ал кеше, «Автовокзал сервис» сапаржайынан «Павлодар Interbus» ЖШС-ге тиесілі автобус жолға шықты. Аталған ұйым рұқсат қағазы болмағанына қарамастан, ресми тасымалдауышының бағытымен жолаушыларды тасымалдаған. Сондықтан «Балтабаев» ЖК ресми тасымалдаушы ретінде рұқсаты жоқ тасымалдаушының автобусын тоқтатқан. «Автовокзал сервис» ЖШС-нің ақпараты бойынша, автобус қосымша рейс ретінде шығарылған. Заң және жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережесі бойынша қосымша рейс негізгі рейстегі автобус толық кетіп, кассадағы кезекте 15 адам тұрған кезде ғана шығарылады. Алайда негізгі уақыттан кейін шығарылу қажет. Сондай-ақ жол парақшасында қосымша рейс жүретіні туралы жазылуы тиіс. Кеше полиция қызметкерлері тексерген кезде қосымша рейс туралы жазылмаған болып шықты және автобус негізгі уақытта шығарылған.

Диана Мұханова «Балтабаев» ЖК әрекеті дұрыс болмағанын және полиция оған қатысты тиісті шара қолданғанын атап өтті.

- «Балатабаев» ЖК әрекеті дұрыс болмағаны анық, - деді Диана Мұханова. – Кеше №3 автобус паркінің қызмет көрсету күні болатын. Заңға сәйкес тасымалдаушы қызмет көрсетуден бас тартса немесе қызмет көрсете алмаса, онда келесі рұқсаты бар тасымалдаушы қызмет көрсетуі тиіс. Яғни, кеше автобус жолға шығуға жарамаса, «Балтабаев» ЖК қызмет көрсетуі тиіс еді.

Бүгінде Павлодар-Қарағанды бойынша екі бағытта автобус жүреді. Бірі – Павлодар-Молодежный-Қарағанды, екіншісі – Павлодар-Баянауыл-Қарағанды бағыттары арқылы. Екі бағытта да «Балтабаев» ЖК қызмет көрсетеді.

- Қалған тасымалдаушыларда рұқсат қағазы жоқ, - деді Диана Мұханова. – «Балтабаев» жеке кәсіпкерлігінен орын алып жатқан жағдайға қатысты осы айдың 23-і күні шағым түсті. Біз жауапты органға жағдайды тексеріп, тиісті шара қолдану туралы сұраныс жібердік. Бүгінде құзырлы органдармен тексеру жүруде. Нәтижесі кейін хабарланады. Жалпы, кейін мұндай жағдай қайталанбас үшін кешенді жұмыс атқарылатын болады.

Басқарма өкілінің айтуынша, жолаушылар тасымалы нарығында «Павлодар Interbus» ЖШС-не қарсы ешқандай әрекет жасалып жатқан жоқ.

- Бізде барлық тасымалдаушылар - жеке ұйымдар, - деді Диана Мұханова. – Облыс ішіндегі және облысаралық бағыттарға конкурстық шаралар өткеннен кейін ғана қызмет көрсетіледі. Сапаржай желіге тасымалдаушыларды жіберу үшін ұйымның бағытта қызмет көрсетуге рұқсат қағазы болу керек. «Павлодар Interbus» ЖШС конкурстарға қатысты. Жеңілгеннен кейін сотқа шағымданды. Сот біздің әрекетіміз заңды екені туралы шешім шығарды. Бізде комиссиялық отырыс өтетін кезде аталған тасымалдаушы құжаттарын өзі алып кеткен жағдайлар болды. Сондықтан тасымалдау нарығында бұл ұйымға қарсы әрекет жасалып жатқаны туралы ақпарат жалған.

Оразбек Саяхат
Суреттер автордан және куәгерлерден алынды

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Павлодар-Қарағанды, жолаушылар тасымалы, автобус