Білім беру мекемесі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сайысқа түскен 8 мұғалім өздерінің «Сегіз қырлы, бір сырлы» екендерін дәлелді. Олар - биология пәні мұғалімі Бибігүл Кощегулова, математика пәні мұғалімі Мендигүл Смаилова, орыс тілі және әдебиет пәні мұғалімі Дина Дәулетқұлова, ағылшын тілі пәні мұғалімі Валерия Головинцева, қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі Асет Қуатова, өнер пәні мұғалімі Динара Қабиева, физика пәні мұғалімі Нұрсұлтан Жақыпов және география пәні мұғалімі Темірхан Қасымов.

Байқау талабына сәйкес қатысушыларға барлығы 5 тапсырма берілді. «Мен тұлғамын, мен ұстазбын» тақырыбында визит карточкасын жасау және қатысушының жеке көрмесінде сайыскерлер өздерінің жетістіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, берілген тақырыпта бейнематериал дайындау, ашық сабақ өткізу, шешендік өнер сынды тапсырмаларда бақ сынады. Байқау барысында ұстаздар белсенділікпен өз мамандықтарына деген сүйіспеншіліктерін көрсете білді.

Әрбір қатысушының жанкүйерлері сайыс барысында өз үміткерлеріне барынша қолдау көрсете білді.

Байқаудың қорытындысы бойынша қазылардың шешімімен ІІІ орынды Динара Кабиева иеленсе, ІІ орынды Әсет Қуатова жеңіп алды. Ал ұпай саны бойынша Темірхан Қасымов алға шығып, «Үздік ұстаз» атанды.

- Бұл - мен үшін кәсіби тұрғыда қатысқан алғашқы сайысым, - дейді Темірхан Қасымов. - Сондықтан үлкен дайындықпен және аса жауапкершілікпен құлшына кіріскен едім, нәтижесінде жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Осының барлығы бір өзімнің ғана еңбегім емес, ең алдымен әдістемелік бірлестіктегі ұстаздардың қолдауы деп білемін. Маған жанкүйер болған барша әріптестеріме мың алғыс. Алдағы желілік сайыста ұжым сенімін ақтап, өзімді тиісті дәрежеде көрсетсем деймін.

Екінші үздік ұстаз «Қоғамдық пәндер» әдістеме бірлестігінен шықты.  Өткен жылы мектеп намысын қорғаған Нұрболат Теміров желілік сайыста жүлделі 3-орынды иеленген.

Айта кетерлігі, жүлделі І орынға ие болған география пәні мұғалім-модераторы Темірхан Қасымов - халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар жүлдегерлерінің тренері, «Sacred Tourism Kazakhstan» жобасына авторлық құқық патентінің иегері, география пәнінен 7-сынып оқулығы авторларының бірі. Ол желтоқсан айында Назарбаев Зияткерлік мектептері мұғалімдерінің арасында өтетін «Үздік жыл мұғалімі» желілік турында мектеп намысын қорғайды.

Қатысушылардың барлығы сертификаттар және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: НЗМ баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім