Музей қызметкерлерінің хабарлауынша, көрме 2019 жылдың 8 қарашасында сағат 16:00-де ашылады.

- Көрме экспозициясында 70 астам кескіндемелік туындылармен қатар офорт, линогравюра, литография, кітап графикасы, гравюра сияқты графикалық шығармаларды тамашалауға болады, - деді музейде. – Қылқалам шеберінің шығармашылық туындылары әртүрлі техникада орындалғанымен, олардың әрқайсысы қайталанбас ұлттық бояу мен стильге толы.

Мұқтар Сыздықов Павлодар облысының Қызыл қоғам ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Алматы қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы көркем сурет училищесін үздік көрсеткіштермен тәмамдаған соң ҚазКСР Мәдениет министрлігінің жолдауымен Ленинград қаласының И.Е.Репин атындағы Ленинград кескіндеу, мүсін, сәулет институтында білім алуды жалғастырды. 1982 жылдан бастап республикалық, бүкілкеңестік және Бангладеш, Сирия, АҚШ, Чехословакия, Югославия сияқты халықаралық көрмелердің қатысушысы.

Суретшінің шығармашылық туындылары Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында, Қазақстан Республикасы Президентінің резидинциясы мен Қазақстан, Ресей, Түркия және Европа елдерінің жеке жинақтарында сақтаулы.

1983 жылдан бастап Мұқтар Сыздықов Т.Жүргенов атындағы Алматы театралды-көркем институтында ұстаздық етеді. Оқытушы және тәлімгер ретінде Мұқтар Бакенұлы қайталанбас көркемдік тәсілдерін қолданып, өз шәкірттерінің дарынын ашуға ұмтылумен қатар жас суретшілерде дербес қайталанбас мәнерлерін жетілдірумен айналысады.

Фото: Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, музей, көрме