«Павлодар лифт сервис» ЖШС директоры Михаил Редько атағандай, аталмыш үйдегі екі лифтті жаңарту шамамен 20 миллион теңгені құрады. Ол соманы 112 пәтер тұрғындары сегіз жыл бойы бөліп төлейді.

- Мемлекет үй тұрғындарына сегіз жылға пайызсыз қарыз берді. Бұл үйде 112 пәтер бар болуы себепті, келіссөздер бір жылға созылды. Нәтижесінде барлық келісімшарттарға қол қойылып, жоба сараптамадан өткізіледі. Бүгін Беларусьте шыққан лифттің біріншісі қолданысқа берілді. Бастысы, адамдар лифттерді жаңарту қажеттілігін түсінді, - дейді Михаил Редько.

Назарбаев даңғылындағы 16 қабатты үйдің тұрғыны Сергей Степанов жаңа лифтке дән риза. Оның айтуынша, жаңа құрылғы шусыз, өте ыңғайлы.

- Ескі лифттердің бұзылуы соңғы уақыттары тіпті жиілеп кетті, - дейді Сергей Степанов. – 28 жыл бойы пайдаланғаннан соң олар да тозады ғой. Жаңа лифттер өте ыңғайлы, шусыз жүреді. Пәтердің ауданына байланысты әрбір үй ай сайын 1700-2600 теңге төлейді.

«Горкомхоз баспананы жаңарту» ЖШС бас инженері Александр Дегтяревтың айтуынша, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына қатысу үшін үй тұрғындарының үштен екісінің рұқсаты керек. Қалалық әкімдік бөлген 50 миллион теңгенің қалған бөлігіне жыл соңына дейін тағы үш лифтіні жаңарту көзделуде. Қосымша 12 жоба әзірленуде.

Айта кетейік, бүгінде қаламызда лифтілермен жабдықталған 353 тұрғын үй бар. Жалпы 1466 лифтінің 1083-і немесе 74% тозығы жеткен.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: лифт, ТҮКШ, Павлодар лифт сервис, Михаил Редько, 16-қабатты үй