ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметшілер қызметінде мүдделер қақтығысына жол бермеу мақсатында ведомство мүдделер қақтығысын анықтау, жол бермеу және салдарын жою жұмыстарын жүргізуде.

- Осы орайда, департаменттің әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Успен ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысына және Успен ауданы бойынша МКБ салықтық әкімшілік жүргізу бөлімінің басшысына қатысты ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі нормаларын бұзу фактілері бойынша тәртіптік іс қозғады. Қызметтік тексеріс барысында МКБ басшысының бұйрығымен азаматша Б. мұрағатшының бос лауазымына қабылданып, уақытша жұмыста жоқ іс жүргізушінің лауазымдық айлығының 50 %-ы мөлшерінде жалақысына үстемеақы қосып алып отырған, - дейді баспасөз қызметінде.

2018 жылдың 5 ақпаны - 2018 жылдың 31 мамыры аралығындағы кезеңде азаматша Б. Успен ауданы бойынша МКБ штатында болған, Успен ауданы бойынша МКБ-ға жұмысқа шықпаған. Ресми түрде Успен ауданы бойынша МКБ штатында есепте болған, алайда МКБ бөлім басшысы оған жұмыс уақытын есепке алу табельдеріне нақты жұмыс істеген күндер ретінде белгі қойып отырған.

«ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заңы 51-бабының 3-тармағына сәйкес МКБ бөлімінің басшысы МКБ басшысынан азаматша Б-ға жұмыс уақытын есепке алу табельдеріне нақты жұмыс істеген күндер ретінде белгі қою туралы заңсыз тапсырма алған кезде мүдделер қақтығысына жол бермеу мақсатында мемлекеттік органның басшысына жазбаша түрде хабарлауы тиіс еді. Алайда орын алған қақтығыс туралы хабардар етпеген.
Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында тәртіптік істерді қараудың нәтижесінде Успен ауданы бойынша МКБ басшысы атқарып отырған лауазымынан босату түрінде, ал Успен ауданы бойынша МКБ-ның салықтық әкімшілік жүргізу бөлімінің басшысы қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Айта кетейік, мемлекеттік органдардың басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдамауы әкімшілік және қылмыстық тәртіпте қудаланады.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, заң, Успен ауданы