Конференцияға қатысқан Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекин жазушының жалпы қазақ әдебиетіне қосқан үлесін атап өтті.

- Мүбәрак Жаманбалинов - аудан, облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде танылған жазушы, - деді Аян Бейсекин. - Оның балаларға арналған шығармалары мен тәрбиелік маңызы зор мысалдары қазақ әдебиетінің алтын қорына енген. Сонымен бірге, Мүбәрак атамыз бүгінде қаламы мұқалмаған талай жерлес әдебиетшілердің жолын ашып, ұстаз бола білген ардақты педагог деп те айтуға болады.

Жазушының есімін ұлықтау мақсатын жыл басында Instagram желісінде «Ертіс Жаманбалиновты оқиды» атты акциясын ерекше атап өткен жөн.

Аудан әкімі Аян Бейсекин аталған акцияның жеңімпаздарын марапаттады. Айталық, «Ең кішкентай» қатысушы номинациясында Үлгілі ауылынан «Еркетай» шағын орталығының төрт жасар тәрбиеленушісі Әмина Қанатова жеңді. Оған қоса «Мәнерлеп оқудан» Қоскөл орта мектебінің оқушысы Адина Қанапьянова үздік атанса, «Оқитын отбасы» сынында Айтқазиндер отбасы ұтты.

Айта кетейік, Мүбәрак Жаманбалинов – қазақ әдебиетіне балалар жазушысы ретінде танылған ардақты азамат. Өлеңдері қырғыз, түркімен, өзбек, латын тілдеріне аударылған. Бүгінде Ертіс ауданының мектептерінде «Мүбәрактану» сабағы жүргізілуде.

Айбек Жұматов

pavlodarnews.kz

Тэги: Аян Бейсекин, Ертіс ауданы, Мүбәрак Жаманбалинов, әдебиет, мәдениет, Үлгілі ауылы