Жиынға облыстағы аудан әкімдерінің орынбасарлары, ардагерлер алқасы, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық орталықтар өкілдері, облыс басшылығы, заң және құқық қорғау мекемелерінің басшылары қатысып, министр, министрлердің орынбасарлары жиын қонағы болды.

Бұл жиналыс басқа жиналыстармен салыстыруға келмейтін басқа форматта өткізілді. Үкімет пен халық арасындағы сұхбат болды дер едім. Халықтың мұң мұқтажы ортаға салынып, оған басшылардан мағыналы түрде жауап, күрделі  мәселелер жөнінде шешім алынды.

Отырыста вице-премьер республикада, облысымызда жасалып жатқан жұмыстарды талдай келіп, отырған халықпен алдағы атқаратын жұмысты талдауға көшті. Залда отырған халыққа сөз кезегі тигенде Аққулы, Май аудандарының  ардагерлер кеңесінің төрағалары радияция мәселесі бойынша күрделі және көптен халық күтіп жүрген сұрақтар қойды. Май ауданында радияциядан зардап шеккендерге көмек тек еңбек демалысына шыққанда еңбек ақыға ғана қосылатынын айтып, зейнетке шыққанда есептелмейтіні жөнінде айтылды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев соғыс ардагерлеріне жеңістің жетпіс бес жылдығына қарсы бір рет беретін көмекті 1 миллионға көтеру керек деп ұсыныс жасады.

Бердібек Сапарбаев қорытынды сөзінде құйма құлаққа құйып алатын керемет сөз айтты. Мемлекет экономикадан 5 жыл құлдыраса, 10 жылда орнын толтыруға болады. Ал, рухани құндылығымыз құласа қалған өмірімізде толтыра алмаймыз деген сөзі тауып айтылды.

Қазіргі  уақытта көптеген теріс бағытта әңгімелер жүріп, арандатулық жұмыстар белең алып бара жатыр. Соның бәріне ақыл тоқтатып, сабыр сақтап, түзу шешім қабылдау қажет.
Бұрын кездегідей үлкен адамдар, ел басқарған азаматтар жастарға қамқор болып, сабыр сақтап, алқалы жиында, торқалы тойда жақсы сөз айтып, ағаттыққа тоқтау айтуы қажет. Сонда ғана еліміз аман, жұртымыз тыныш болмақ.

Абызбай Адамұлы

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: