Өткен турда Милан Миланович шәкірттері Павлодарда алматылық «Қайратты» ойсырата ұтып, «Астананың» алтыншы мәрте чемпион атануына жол ашып берген болатын. Осы жолы «Астана» Ertis-ті өзі қабылдап, логикаға сәйкес, өз жанкүйерлеріне чемпиондық көңіл-күй сыйлауы керек-тін. Кейбір сарапшылардың пікіріне қарсы, алаң қожайындары бұл матчқа барлық мықты футболшыларын шығарды.

Дегенмен, «Астананың» Еуропа Лигасында «АЗ-дан» алған ауыр соққысынан әлі айығыға қоймағаны көрініп тұрды: елордалықтар сылбыр қимылдап, «Астана» ойыншылары өзара түсінісіп ойнамады. Нәтижесінде жаңа піскен чемпион өз алаңында кезекті мәрте сүреңсіздікке тап болды. Әлбетте, қожайындардың гол соғатын мүмкіндіктері болды. Алайда Дорин Ротариу, Марин Томасов және Рангело Янга ұрымтал сәттерде мүлт кетті.

«Қайратқа» қарсы кездесудегідей, павлодарлықтар қорғаныста жинақылық танытып, қарымта шабуылдарды өте тиімді пайдаланды. Осы арқылы 43-минутта «Астана» ойыншыларының допты жоғалтқанын пайдаланған Руслан Мингазов Жереми Манзорроны елордалық қақпашы Александр Мокинмен бетпе-бет шығарды. Француз қақпа алдында сасқан жоқ – 1:0.

Үзілістен кейін ойын өзгерген жоқ. Алаң қожайындары допқа көбірек иелік еткенімен, мардымды ештеңеге қол жеткізе алмады. Екінші тайм ортасында матчтың үздігі Руслан Мингазов орталық алаңда допқа таласып, нәтижесінде ала доп Арман Нүсіпке келді. Жас вингер дәл пасымен Карлос Фонсеканы Мокинмен бетпе-бет шығарды. Мокин португалдықтың соққысын қайтарғанымен, Мингазовтың қайта тепкен добына тосқауыл қоя алмады – 2:0.

«Астана» жағдайды түзетуге тырыспады деуге болмайды. Бірақ, алаң қожайындарының әрекеттеріне ептілік пен тапқырлық жетіспеді. «Астаналықтар» көбінесе алыстан соққы бағыттаумен болды. Тек соңғы сәттерде елордалық Роман Мұртазаев есепті өзгертуге мүмкіндік алған еді. Алайда Ertis қақпашысы Андрей Пасеченко өз командасын құтқарып қалды.

Нәтижесінде Ertis бірінші айналымдағыдай «Астананы» сырт алаңда ұтты. Осының арқасында командамыз турнир кестесінде бір орынға жоғарылап, ҚПЛ-2019 біріншілігін сегізінші орында аяқтады.

Айта кететін жайт, павлодарлықтар 2019 жылғы футбол маусымы аясында ішкі турнирлердің биылғы қос жеңімпазы – ел чемпионы «Астана» мен ел Кубогінің иегері «Қайсарды» ұтты.

Айбек Жұматов

Фото: Ertis ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: Ertis ФК, Ертіс ФК, футбол, ҚПЛ, Премьер-Лига