Жарысқа Павлодар, Екібастұз бен Ақсу қалаларынан бөлек, Баянауыл ауданының Майқайың ауылының командасы қатысты. Турнирде жалпы саны 12 команда доп тебуде. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді. Командалар 5х5 форматында ойнауда.

2007-2008 жылдары және 2009-2010 жылдары туған балалардан жасақталған командалар өзара бір айналым өткізіп шығады. Фестивальді ұйымдастырған облыстық футбол федерациясының менеджері Сейітбек Сембаевтің айтуынша, жарыста есеп жүргізілмейді.

- Фестивальдің мақсаты – жеңімпазды анықтау емес, балғын футболшылардың шеберлігін арттыру және өсіп келе жатқан дарынды ойыншыларды анықтау, - дейді Сейітбек Сембаев. – Фестивальдің турнирлік мақсаты болмағаннан соң жаттықтырушылар барлық футболшыларын ойната алады. Өз кезегінде, балалардың ұтылдым деген реніші болмайды. Қатысушылардың барлығы грамоталармен марапатталады.

Сейітбек Сембаев атап өткендей, мұндай тәжірибе Еуропа елдерінен алынған. Фестиваль нәтижелері бойынша үздік ойыншылар Ertis футбол орталығы мен «СДЮШОР «Ертіс» командаларына алынады. Жеке меншік футбол мектептерінің түпкі мақсаты да сол.

Zhastar командасында ойнайтын Әлімбек Нұрлыбек әкесі Әнуар Омаров ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

- Фестиваль өте жақсы ұйымдастырылған, - дейді Әнуар Омаров. – Әрине, кейбір командалардың дайындығы артық, кейбіреулерінікі – сәл төмендеу. Әсіресе, екібастұздық «Батыр» командасының ойыны ұнады. Жаттықтырушының мықты екені көрінеді. Осындай турнирлер көптеп өткізілсе жақсы.

Турнир сенбі күндері Bolashaq-Arena-да өткізіледі. Фестиваль 24 қарашада аяқталады. Алдағы уақытта мұндай фестивальдерді өткізу әдетке айналмақ.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: футбол, балалар спорты, жеке меншік мектептер, Ertis ФО, Bolashaq-Arena