С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазақстанның жаратылыстану-ғылыми циклі мен ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған жобалық оқыту негізінде кәсіби даму» атты бірегей бағдарламаның қорытындысы шығарылды. Бағдарлама аясында АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі еліміздегі өз пәндерін ағылшын тілінде үйрететін ұзстаздарды арнайы курстан өткізген болатын.

АҚШ елшілігіндегі алмасу бағдарламаларының үйлестірушісі Айдана Кеңесбаева Павлодар облысындағы 20 ұстаздың мамыр-қазан айлары онлайн курстардан және шілдеде Назарбаев Университетінің базасында үш апталық оқудан өткенін айтты.

- Бұл бағдарлама АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің бастамасымен жасалған, - деді Айдана Кеңесбаева. – Өздері демеушілік жасап отыр. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, еліміздегі ағылшын тілінің және өз пәндерін ағылшын тілінде үйрететін 100 мұғалімді оқытты. Мақсаты – аталған ұстаздарды қолдау. Олардың сабақ беру барысындағы кездесетін мәселелерді анықтап, мәселені шешуге көмектесу.

100 ұстазды оқытуға Индиана штатындағы Ball State университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы жұмылдырылды.

Павлодарлық университетте бағдарламаға қатысқан жергілікті мұғалімдер 5 топқа бөлініп, пәндерді үйрету кезіндегі жолығатын мәселелерді шешуге арналған жобаларын таныстырды.

Мәселен, бір топ тақырыпты түсіндіруге көмекші құрал ретінде арнайы сайт құрастырған.

- Біз интернет ресурсын құрастырдық, - дейді №19 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Әйгерім Хамитова. – Мұнда жаратылыстану пәндері мен ағылшын тілі бойынша өткізілетін тақырыптар салынған. Тақырыпты түсіндіретін видео, аудиожазбалар бар. Соларға негізделген тапсырмалар да қосылған. Яғни, оқушының қалай түсінгендігін бірден анықтап алуға болады. Негізінен мұны мұғалімдерге көмекші құрал ретінде жасағанбыз. Алайда, оқушылар да қосымша құрал ретінде пайдалана алады.

Енді бір топ тақырыпты мазмұндай алмайтын оқушылармен жұмыс жасауға арналған әдістемелік кітапша шығарған.

- Сабақта оқушы сөйлемейтін болса, оның себептерін анықтау үшін біздің кітапшаны пайдалануға болады, - деді №33 мектептің мұғалімі Лаура Медетова. – Себебі, біз оқушының сөйлемеуіне әсер ететін 4 мәселені қарастырдық. Бірінші кезекте психологиялық тұрғыдан қарастырамыз. Яғни, ол басқалардан ұялуы мүмкін. Екіншіден, оқушы сөйлей алатын, бірақ оған сабақ қызықсыз болса, біз ынталандыру әдісін пайдаланамыз. Үшінші мәселе – оқушы бәрін біледі, бірақ сөздік қоры болмаса, біз оған сөздік арқылы көмек көрсетеміз. Төртінші сөздік мәнеріне жәрдем береміз. Яғни, өз ойын ашып айтуға ықпал жасаймыз. Біз осы мәселелерді зерттеп, тиімді деген әдістерді қостық. Өз мекептерімізде пайдаландық. Осы арқылы сабақта сөйлеп кеткен оқушылар бар.

Айдана Кеңесбаеваның айтуынша, алдағы уақытта арнайы портал құрылып, бағдарламадан өткен ұстаздардың жобалары бір жерге жинастырылады. Сол арқылы құрастырылған көмекші құралдар еліміздегі барлық мұғалімдерге қолжетімді болмақ.

Оразбек Саяхат
Фото: ПМУ баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ПМУ, ұстаздар, білім