Кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Әмір Смайловтың айтуынша, мұндай іс-шара екінші жыл өткізіліп отыр.

- Өткен жылы «Рубиком», Молком ЖШС және шаруа қожалықтарының жұмысымен таныстырған едік, - дейді Әмір Смайлов. - Балаларға өте ұнайды. Үлкен қызығушылық танытуда. Қазіргі таңда тағы бірнеше кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен таныстыру жоспарда бар. Балалар ауылының тәрбиеленушілері «Қазақстан Алюминийі», «Электролиз зауыты» сияқты ірі зауыттардың жұмысымен танысқысы келеді. Сондықтан оларға хат жіберілді, келіскен жағдайда жақын арада ұйымдастыратын боламыз.

Павлодар қаласы отбасылық үлгідегі балалар ауылы басшының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айгерім Мәжітова бүгінгі күні балаларды әлеуметтік бейімдеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.

- Биылғы оқу жылында «Балалар ауылы тәрбиеленушілерінің өмірі мен мансабын жоспарлау» жобасын іске асырдық, - дейді Айгерім Мәжітова. - Бұл жоба әлеуметтік әріптестіктің инновациялық нысандары негізінде балалар үйінен шыққаннан кейін тәрбиеленушілерді әлеуметтік бейімделуін дамытуға арналған. Осы орайда, қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі мекемесіне көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреміз. Балалардың ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысуы алдағы уақытта мамандық таңдауда үлкен көмегін тигізеді деп ойлаймын.

Айта кетейік, бүгінгі таңда балалар ауылында 67 бала тұрады. Осы жылы 10 тәрбиеленуші 9 сыныпты, бес бала 10 сыныпты және 11 сыныпты бір түлек тәмәмдайды.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, сүт, ұн, кәсіпорын, балалар