Жас маман үй жағдайында балық өсіруге деген қызығушылық бала кезінен болғанын айтады.

- Әлбетте, бұл – бір күндік жоба емес, - дейді Тілеужан Құмар. – Зерттеу жұмыстары бірінші кезекте балалар үшін қызықты болуы тиіс. YouTube желісіндегі кездейсоқ STEM-зертханасына тап болдым. Бұл жоба маған қатты ұнап қалды. Бірден мектепте осындай зертхана ашқым келді. Дегенмен мұндай бағасы қымбат зертхананы ашу мүмкін емес екенін түсіндім.

Бұдан кейін ол түрлі жобаларды зерттей бастаған. Ең бірінші аквапонды құрылғы құрастырып, аквариумның ішіне салат жапырағын өсірген.

- Бұл зертхана ашу үшін жасалған алғашқы қадам еді, - дейді ол. – Бастапқыда үш бала ғана қатысатын. Қазіргі таңда олардың саны 20-ға дейін көбейді. Одан әрі балалармен бірге инкубатор құрастырып, ішіне 25 жұмыртқа салынды. Олардан 20 балық шықты. Мұның барлығын оқушылармен бірге қолда бар материалдардан жасаймыз. Қазір аквапоника, инкубатор, шағын жылыжай (фитобокс), фитобаған және шағын балықтарды өсіруге арналған авкариум жобалары бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Менің басты мақсатым - ұстаз ретінде білім беру саласына өз үлесімді қосу, сондай-ақ өз Отанын сүйетін, бәсекеге қабілетті тұлғаларды тәрбиелеу.

Тілеужан Құмар Павлодар мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезде облыстық, республикалық және халықаралық экспедициялардың құрамында Ертіс өңірі мен Шығыс Қазақстан облысының әртүрлі аймақтарында зерттеу жұмыстарына қатысқан.

2018-2019 оқу жылы «Жыл мұғалімі-2019» қалалық байқауының бас жүлдесін жеңіп алса, қыркүйек айында облыстық «Жыл мұғалімі-2019» байқауының 3-орын иегері атанған.

«Педагогикалық шеберлік-2019» кәсіби байқауында STEM-зертхана жобасымен 2-орынға ие болған.

Томирис Бекжан

Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, білім, Ақсу қаласы