Павлодар қаласы әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға ақынның балалары, немере-шөберелері, қаланың зиялы қауым өкілдері мен замандастары қатысты. Сондай-ақ Ертіс ауданының ресми өкілдері, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облысы бойынша филиалының мүшелері болды.

- Өлкетанушы, ұстаз, журналист, жазушы Мүбәрак Жаманбалиновке осы орталық кітапхананың есімін беру жолында көп адамдармен сұхбаттастым, сұрастырдым, - дейді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Самал Бегалинова. - Сонда тек жылы лебіздер, жылы ақпараттар естідім. Тіпті, ол кісі өңіріміздегі ақындар айтысының белсенді ұйымдастырушыларының бірі болған екен. Сондықтан кітапханаға жаңа бір серпіліс беріліп, жаңа атаумен жаңа жүйеге көшеді деген сенімдемін. Атақты адамның есімі беріліп жатқандықтан, атмосферасы өзгеріп, әр күн ерекше болады деп ойлаймын.

Сондай-ақ көпшіліктің назарына жазушыға арналған көрмеге Мүбәрак Жаманбалиновтің кітаптары, газет-журналдарда шыққан мақалалары мен туындылары, ақын туралы естеліктер, суреттері қойылған.

- Әкеміздің қатарымыздан кеткеніне 10 жыл өтсе де жазып кеткен жазбалары мен мұралары әлі де ел аузында, - дейді жазушының кенже ұлы Талап Жаманбалинов. – Оған Ертіс ауданында қатарынан 8 жыл бойы өткізіліп келе жатқан «Мүбәрак оқулары» байқауы дәлел бола алады. Жыл сайын аталмыш сайысқа 70-80 бала қатысады. Бүгінде орталық балалар кітапханасына әкеміздің есімімен аталуы оқырмандарының беріп жатқан бағасы деп білеміз. Шараны ұйымдастырушыларға, кітапханаға осы іске атсалысқан барлық жандарға отбасымыздың атынан алғысымды білдіремін.

Кеш барысында замандастарының естеліктері тыңдалып, қала көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Айта кетерлігі, Мүбәрак Кәрімұлы Жаманбалиновтің 20-дан астам шығармасы бар. Оның 14-і балаларға арналған. Ақын «Қазақстанның Құрметті журналисі» белгісі, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Ертіс ауданының Құрметті азаматы, П. Ермаков атындағы сыйлық және «Қазақстан еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» наградаларымен марапатталған.

Айгүл Жүсіпова

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: