Еске сала кетейік, кеше кешке Ленинск - Ертіс автожолында орын алған жол көлік оқиғасы салдарынан отбасы зардап шекті: 32 жастағы ер адам қаза тапты. Оның жүкті әйелі мен екі, төрт және бес жастағы үш баласы ауруханаға жатқызылды.

Ақтоғай аудандық ауруханасында ЖКО-да зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

- Балаларда сынықтар болған жоқ, бас миы шайқалған, - деді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Мәдина Сабырова. – Дәрігерлердің бақылауымен олар облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне жеткізілді. Әйел адамға келетін болсақ, оның жағдайы өте ауыр болды. Облыс орталығының дәрігерлерімен консилиум өткіздік. Санавиация желісі бойынша зардап шеккен әйел адам Павлодар қаласының № 1 қалалық ауруханасының политравма бөлімшесіне жеткізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Гүлнар Жармакинаның ақпараты бойынша, жол-көлік оқиғасына түскен әйелге шұғыл кесар тілігі жасалды.

- Операция қалыпты өтті. Баланың салмағы - 2300 грамм. Дүниеге келген қыздың жағдайы тұрақты, - деді бөлім басшысы. – Қазір бала перинаталдық орталықта мамандардың бақылауында.

Жол-көлік оқиғасының орын алуына түнде қараусыз жүрген жылқыларды қағып кету себеп болған.

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: