- Енді Павлодардан астанаға дейін көлікпен 3,5 сағатта жетуге болады, - деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. – Биыл облыс жолдарын жөндеуге ерекше көңіл бөлінді. 64 млрд теңгеге республикалық жолдарды қоса есептегенде 710 шақырым автокөлік жолы жөнделді. Жолды салу бар да, оны сақтау бар. Біз осымен үшінші жыл қатарынан артық жүк тиеп алатын жүк көліктеріне қатысты жұмыс жүргізіп келеміз. Біз жүк көліктеріне арналған көшпелі үш бекет сатып алдық.  Осының нәтижесінде негізгі жолдардың жағдайын қанағаттанарлық деңгейде сақтауға мүмкіндік алдық.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде «жақсы» жолдардың үлесі 82,6%-ды (2018 жылы – 80%) құрап отыр. Келер жылы бұл көрсеткіш 85%-ға дейін жеткізілмек.

– Жолдарды жөндеп қана қоймай, қоғамдық көліктерді жаңалау мәселесін де реттеп отырмыз. Биыл облыс орталығындағы автобус паркі 76%-ға дейін жаңаланды. Бұл - республикалық көрсеткіштен жоғары. Қала мен ауылдық аймақтардың тұрғындарын тасымалдайтын 10 электробус және 20 дизельмен жүретін автобус сатып алынды. Павлодарда трамвай желісі сақталғанын жақсы білесіздер. Біз оны одан әрі дамытудамыз. 2 жыл ішінде трамвай паркі жаңа 23 вагонмен толықтырылды. Экологиялық тұрғыдан қауіпсіз қоғамдық көліктерге кезең-кезеңімен көшу өз жемісін береді деп сенемін, – деді Павлодар облысының әкімі.

 

Фото: Валерий Бугаев

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, Нұр-Сұлтан