Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Болат Бақауов мәлім етті. 

- «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жатқан балалармен бірнеше рет кездестік, - деп атап өтті аймақ басшысы. - Өкінішке орай, олардың 70 пайыздан астамы бізде қалмайды. Бірінші кезекте солтүстіктің суығына үйрене алмайтындарын айтады. Ең күрделісі - пәтер мәселесі. Өкінішке орай, баспана беруге жағдайымыз жоқ. Алайда ата-аналарын көшіріп әкелсе, Nurly Ertis бағдарламасы бойынша тегін пәтер береміз. Сондай-ақ студенттер қалатын болса, бір жыл бойы тегін жатақхана ұсынылады. Әрі қарай зауытқа жұмысқа тұрып, өз жұбын тауып, отбасын құрсын деген оймен баспана береміз. Бұл мәселе менің бақылауымда.

Облыс әкімі биылғы жылы көп балалы отбасыларды Нұр-Сұлтан мен жұмыс күші мол аймақтардан көшіруге бағытталған Nurly Ertis бағдарламасын іске асыру Президент пен Үкімет  тарапынан қолдауға ие болғанын атап өтті.

Аталмыш жоба аясында Екібастұз қаласына 235 отбасы немесе 1303 адам көшіп келген. Оның ішінде 862-сі - балалар. Қоныс аударғандардың барлығы - көп балалы отбасылар. Қазір барлық еңбекке жарамды қоныс аударушылардың тұрақты жұмысы мен табысы бар. Балалар балабақшалар мен мектептерде орындармен қамтамасыз етілген.

- Әр отбасы жайлы пәтерге қоныстанды. Біз одан әрі қабылдауға дайынбыз, қаржыландырумен қамтамасыз етілген. Инженерлік магистралды желілері бар үйлерді салуға арналған дайын алаңдар және әлеуметтік инфрақұрылым дайын.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: sskaz.kz

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Nurly Ertis бағдарламасы, қоғам, Екібастұз, көп балалы отбасылар