Шараның қонақтары ретінде ақынның шөбересі, Екібастұз қаласының ақыны Райхан Абикеева және оның қызы Аделия Қуаныш пен Естай атындағы мәдениет сарайының әдіскері Камат Абдернасирова шақырылды.

Естайдың ақындығы мен табиғи дарыны Райхан шөбересінің бойына берілген екен. Ақын өмірінің соңында Алмашы руынан шыққан қыз баланың бойына қабілеті дариды деп жорыған.

- Біздің жанұямызда өскелең ұрпаққа атақты әнші атамыз туралы әңгімелер жиі айтылып отырады, - деді Райхан Абикеева. - Атамыздың көптеген ұрпақтары шығармашыл адамдарға айналды. Олар журналист Фархат Амренов, театр және кино актрисасы Динара Абикеева, сондай-ақ бүгінгі таңда музыкант атанып жүрген Павлодар қаласының музыка мектебінің директоры Шәмшия Джагипарова деп айтуға болады. Оған қоса, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің студенті Аделия Қуаныш, «Бастау» танымал қазақстандық тобының мүшесі, Голливудтегі бас жүлденің иегері Темірлан Олжабаев та бар.

Райхан Абикеева бұл кездесуде өзінің суырып салма, шешендік қабілетін көрсетіп, өлеңдерін оқып, Алматы қаласының кинематографистері түсірген бейнебаянға жазылған әнді көрсетті.

Аделия Қуаныш гитарада «Тарантелла» шығармасын орындады. Сонымен қатар, ол анасымен бірге гитарада лирикалық ән шырқады.

Кездесуде Естай ақынның өмірі мен ақынның Қорлан деген қызға махаббаты жайлы айтылып, Қорлан туралы танымал әннің тарихы баяндалды. Қорлан әні тыңдалып болған соң, Естай ақынның тек қана жанұясына мәлім болған оқиғалар айтылды.

Шара барысында ақынның есімі тек қана шығармаларында сақталып қоймаған, сонымен қатар есімінің көше атаулары мен музыка мектептеріне берілгендігі туралы сөз қозғалды. Жуырда Естай атындағы мәдениет сарайында ақынға арналған мұражай ашылды. Мәдениет сарайының әдіскері Камат Абдернасирова бұл мұражайдың құрылуы және экспонаттары жайлы толық мағлұмат берді.

Жергілікті танымал ақын туралы оқушылар сарайының педагогтары мен тәрбиеленушілері, павлодарлық № 23, 43 мектептердің оқушылары ұйып тыңдады. Балалар баспасөз орталығының жас тілшілері мен «Қаламгер» студиясының тілшілері кешке қатысқан қонақтардан өздерінің радиобағдарламасы үшін сұхбат алды.

pavlodarnews.kz

Тэги: