Аталмыш аумақта олимпиадалық резервті дайындау орталығы, футбол және жабық жеңіл атлетика манеждері, мұз айдыны сынды 4 ірі спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Үкімет басшысына нысанда атқарылып жатқан жұмыстар легін Павлодар облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек таныстырды.

Ағымдағы жылдың соңына дейін футбол манежі мен мұз айдыны пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл ретте футбол манежінің ішкі жұмыстары аяқталуға жақын. Ал жеңіл атлетика мен олимпиадалық резервті дайындау орталығындағы жұмыс 2020 жылы аяқталмақ. Аймақ тұрғындарына салауатты өмір салтын сыйлайтын жаңа спорттық нысандардың барлығы бір аумақта орналасқан.

«Спорт сити» жобасы кәсіби және әуесқой спортшыларға мол мүмкіндік. Өйткені олар қалашықта спорттың бірнеше түрімен айналысатын болады. Спорттық нысандарда киім ауыстыру орны, асхана, касса, жаттықтырушылар кабинеті, жанкүйерлер орны мен дәрігер кабинеті, мәжіліс залы қарастырылған.

Ұлан Жазылбек келесі жылы барлық нысан пайдалануға берілетінін атап өтті. Болашақта «Спорт Сити» маңында жатақхана да салынбақ. Аталмыш аумақта 500 көлікке арналған тұрақ та қарастырылған. Құлагер ипподромының жанында орналасқан жаңа спорт нысандарына тұрғындардың қиналмай жетуі мәселесі де назарға алынған. Бұл ретте автобустық бағыттар енгізілетін болады.

Қалашықтағы құрылыс қарқынымен танысқан Үкімет басшысы Асқар Мамин мұндағы жұмыстарға оң бағасын берді. Бұдан бөлек, Үкімет басшысының назарына Усолка өзенінде академиялық ескек есу каналының жобасы да ұсынылды. Бұл бастама экологтар мен қоғам өкілдері тарапынан қолдау таппай, тоқтап қалған болатын.

Асқар Мамин аталмыш жоба жақсы бастама екенін атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін халыққа жан-жақты таныстырып, маңыздылығы мен қажеттілігін түсіндіруді тапсырды. Егер бұл бастаманың көмегімен спортқа бет бұрған тұрғындардың қатары көбейетін болса, қолдау көрсететінін жеткізді.

Атап өтерлігі, 3 кешеннің құрылысына демеушілер қолдау көрсеткен. Бұл ретте футбол манежі, олимпиадалық резерв дайындау орталығы және мұз сарайына 6 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал жеңіл атлетика манежі мемлекеттік–жекеменшік әріптестік аясында бой көтермек. Бұл бағытқа 4,8 миллиард теңге қаражат бағытталып отыр. Абаттандыру жұмыстары да назарға алынған.

Айдана Қуанышева

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам