Жиынға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, шаруа қожалығының мамандары мен басшылары, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекенде қызмет жасап жатқан жас мамандар қатысты.

- Ертіс өңірінің агроөнеркәсіп кешені біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің маңызды компоненті болып табылады, - деді облыс әкімі Болат Бақауов. - Ауыл шаруашылығы саласын қолдау жөніндегі кешенді шаралар бүгінгі күні қол жеткізілген нәтижелерде нақты көрініс табады. Біздің шаруаларымыздың қажырлы еңбегінің арқасында 800 мың тоннадан астам астық, 700 мың тоннадан астам картоп пен көкөніс жиналды. Қазақстан өнімінің жалпы көлемінде облыс диқаншылары 75% қарақұмық, 50% тары, 18% картоп өндіреді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған негізгі міндеттерінің бірі – суармалы жерлерді 2030 жылға дейін 3 млн гектарға дейін ұлғайту. Ағымдағы жылы 30 мың гектар жер пайдалануға берілді. Нәтижесінде 100 мың га суармалы жерлер пайдаланылуда.

Аймақ басшысы жыл басынан бері Павлодар облысының ауыл шаруашылығын дамытуға 17 млрд теңгеден астам қаржы салынғанын атап өтті.

- Биылғы жылы біздің облысымыз еліміз бойынша сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасын 35%-ға дейін субсидиялап, 10%-ын жергілікті бюджеттен өтеген жалғыз өңір болды, - деді Болат Бақауов. - Қазір біздің ортақ міндетіміз - соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешенінде пайда болған жағдайды сауатты және тиімді пайдалану, саланы жаңғырту және жаңа заманауи технологияларды енгізу. Мен өзім осы салада көп жылдар бойы еңбек еттім. Сондықтан да Сіздердің зор еңбектеріңізді бір адамдай түсінемін. Сіздерге осы жолда тек қана толайым табыстар тілеймін. Бағарымыз көбейіп, қырманымыз тасып, ауылдарымыз өркендей берсін.

Салтанатты шара барысында ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімі және Қазақстан Республикасы салалық кәсіподағының атынан «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Еңбек даңқы» атты төсбелгілерімен марапатталады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: