Көрмеге «Рубиком» ЖШС, «Молком Павлодар» ЖШС, «ПХБК» ЖШС, «Павлодармолоко» ЖШС, «Зерноград» ЖШС, Тереңкөл ауданының «Щербак» ШҚ, Май ауданының «Ақжар Өндіріс» АФ ЖШС, Аққулы ауданының «Алтай» ШҚ, Успен ауданының «Галицкое» ЖШС, Шарбақты ауданының «Победа» ЖШС, «Павлодар ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС, «Мед Прииртышья» ӘКК және тағы басқалары қатысты.

«Павлодар нан-тоқаш комбинаты» ЖШС директоры Виталий  Сартаков бүгінгі көрмеге орай самауыр пішініндегі нан  дайындап әкелгендерін айтады.

-  Біздің кәсіпорын 70 түрлі өнім шығарады, - дейді ол. - Жылына орташа есеппен 365 тонна өнім өндіріледі. Әсіресе, «Тау-нан» тұтынушылар арасында сұранысқа ие. Барлығы 148 адам жұмыс істейді. Шеберлердің  өнерін көрсету мақсатында ұннан самауыр жасадық. Үш жарым келі тартатын  самауырды дайындауға төрт сағат кетті.  


Ауыл шаруашылығы көрмесі тақырыптық блоктарға бөлінді. Павлодар, Железин, Аққулы аудандары және Ақсу ауылдық аймағының өсімдік шаруалықтары көкөністерін  шөп  тиелген арбаларда, себеттер мен қаптарда ұсынды. Сонымен қатар қымыз, сүт, айран, сүзбе, ірімшік, қаймақ сияқты сүт өнімдері мен қаз-үйректің қақталған еті, шұжық түрлері қойылды.

Ақтоғай ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дархан Досжановтың айтуынша, биылғы жылдың өнім көлемі өткен жылдан кем түспейді.

- 2500 гектар суармалы алқабы бар «Ақтоғай-Агро» ЖШС өндірген өнімдерін жеткізді, - дейді бөлім басшысы. - Биыл қосымша 600 гектар енгізілді. Келесі жылы 3200 гектарға дейін жетеді. Аграршылар 36 мың тонна  дәнді дақыл мен 42 мың тонна картоп жинады. Жаңбыр тапшылығына қарамастан, жаңа технологиялардың арқасында өткен жылғы деңгейді сақтап қалдық.



Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы ғылыми қызметкері Наталья Свинцованың айтуынша,  қазіргі таңда жұмсақ бидай, арпа мен сұлының түрлері мемлекеттік сынақтан өтуде. Сұлының «Ертіс самалы» деп аталатын сұрпы биылғы жылы қолданысқа енгізілуі мүмкін. Жалпы, ауыл шаруашылығы дақылдары түрлерінің үлгілері мыңнан асып жығылады.



-    Біз дәнді дақылдардың селекциясын жүргіземіз, - дейді ол. - Тәлімбақтарда шағын түрде өсіріледі. Мемлекеттік сынақтан өткізіліп жатқан түрлері Успен ауданының «Галицкое» және Шарбақты ауданының «Победа» сияқты алдыңғы қатарлы қожалықтарына беріледі. 2017 жылдан бастап «Орловский» деп аталатын арпа өсіріледі. Қызылорда өңірінен әкелінген арпаның жаңа түрін Успен ауданының «БИК» шаруа қожалығында егуді көздеп отырмыз. Бұл түрлері құрғақшылыққа жақсы төтеп береді.  Шарбақты, Успен, Железин аудандарының «Замандас», «Победа», «Галицкое», «БИК» және  «Бакауов»  шаруа қожалықтарымен тығыз жұмыс істейміз.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: сельское хозяйство, Павлодарская область

Похожие материалы: