Бұл туралы «Достық» үйінде «ҚР жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне шет елден оқуға келген қазақ жастары» тақырыбында өткен кездесуде белгілі болды.

- Елбасы 2017 жылы елордада өткен V құрылтайда үкіметке ҚР азаматтарына қолдау көрсету бойынша бірқатар тапсырма берген болатын, - дейді «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық ҚБ Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Зауыт. - Оның ішінде 40 шақты елде тұратын қандастарымызға рухани, мәдени және іскерлік жағдай жасау мақсатында мемлекеттік бағдарлама әзірленді. Соның бір бағыты – шет елдегі қандастардың еліміздің таңдаулы жоғары оқу орындарында білімін жетілдіру, әрі қарай өз қалауымен магистратура және докторантураға түсуіне мүмкіндік жасау.

Филиал төрағасының айтуынша, шет елден келген балаларға арналған курстар 2018 жылдан бері ПМПУ мен ИНЕУ-де ашылған. Бүгінгі таңда өңірде Түркіменстан, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген 180 бала білім алуда.

- «Отандастар» қорының мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылған қандастардың бірегей, біртұтас, жауапкершілігі жоғары ұлт болуына барынша қолдау көрсету, мәдени қарым-қатынасты нығайту, - дейді Болат Зауыт. - Бұл жастар дайындық курстарынан кейін келесі жылы ҰБТ тапсырып, өздері таңдаған жоғары оқу орындарына түсе алады. Сондай-ақ биыл балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін атажұртқа 600 баланы әкелдік. Облыс әкімдігі мен «Отандастар қоры» КЕАҚ арасында жасалған меморандум аясында Ресей мен Моңғолия елдерінен 30 шақты бала Баянауыл ауданында демалды.

Toraigyrov University Foundation факультеті деканының орынбасары Алуа Жаханқызы биылғы жылы ЖОО алғаш рет Ауғанстан елінен келген этникалық қазақ жастарын қарсы алғанын айтады.

- Бізде Қытай, Өзбекстан, Моңғолия елдерінен келген балалар білім алады, - дейді ол. - Биылғы жылы 94 білім гранты бойынша тыңдаушыларды қабылдадық. Оның ішінде үшеуі – Ауғанстаннан, біреуі – Өзбекстаннан, 10-ы – Қытайдан және қалғандары – Моңғолиядан. Қазіргі таңда олар жатақханада тұрып жатыр. Бірінші кезекте тегін жатақхана ұсынылады, 17807 теңге көлемінде шәкіртақы алады, жылына бір рет жолақысы төленеді. Кейде тегін азық-түлік беретін демеушілер бар. Жыл сайын мұндай жастардың саны артып келеді. 2018 жылы келген 79 баланың 76-сы ҰБТ тапсырып, 55-і ПМУ-ға, төртеуі еліміздің басқа жоғары оқу орындарына түсті және төртеуі колледждерде білім алды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім