- Жыл бойы облыс және қала әкімінің блогына шаһардағы көшелерді ұлы тұлғаларымыздың есімдерімен атау туралы ресми ұсыныстар келіп түсті, - деді Самал Бегалинова. – Ұсыныстар алдымен біздің бөлімге түседі. Біз қарастырып болғаннан кейін қалалық әкімдікке өткіземіз. Әкімдік мәслихаттың қарауына жібереді. Мәслихат халықтың пікірін тыңдай отыра дауыс береді. Мәслихат көшпелі тыңдаулар өтетіні туралы хабарлама жасауы тиіс. Осы жолы мәслихат өздерінің ресми сайтында, «Сарыарқа самалы» және «Звезда прииртышья» газеттерінде хабарлама жасады.

Бөлім басшысы 13 көшенің атауын өзгерту туралы «Колос» орталығында өткен тыңдауға 150-ден астам адам жиналғанын айтты.

- Кешегі тыңдауға қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, Құрметті азаматтар, жастар және ниет білдірген адамдар келді, - деді Самал Бегалинова. – Жиналғандардың пікірін тыңдай отыра мәслихаттың тұрақты комиссиясындағы 8 депутат бірауыздан қолдап дауыс берді. Қазір республикалық ономастикалық комиссияға жіберуге қажетті құжаттар дайындалуда.

Самал Бегалинова бүгінде көшелерге берілген тұлғалардың есімін басқа көшеге беру мәселесіне де тоқталды.

- Қазіргі уақытта Жүсіпбек Аймауытов және Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы көшелер бар. Алайда, олар кішкентай ғана көшелер. Бар-жоғы 200 метрге созылады. Облыс және қала тұрғындары бұндай ұлы тұлғаларға үлкенірек көшенің атын беруге ұсыныс білдірді. Біз ұсынысты қарастырдық, - деді бөлім басшысы.

Сонымен қатар, спикер келер жылы да көшелердің атауын өзгерту жалғасын табатынын айтты.

- Ономастикалық жұмыстар осымен тоқтамайды, - дейді Самал Бегалинова. – Павлодар қаласында идеологиялық жағынан атауы ескірген көшелер өте көп. Бұл жағдай Президент әкімшілігінің бақылауында. 2020 жылы кеше айтылған Бөгенбай батырдың, Олжабай және Жасыбай батырдың есімдерін беру қарастырылады. Оған қоса, келер жылы Абай Құнанбайұлының, Әл-Фарабидің, Алтын Орданың мерейтойы кіреді. Соның бәрі қарастырылатын болады.

Бөлім басшысының айтуынша, құжат мәселелеріне келгенде көше атауларының өзгеруіне байланысты тұрғындардан ешқандай шығын шықпайды. Сондай-ақ жаңа атауы бар тақталарды ілуге бюджеттен тыс қаржы қарастырылуда.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, көше, атау, қала