Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы ТЖ департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов мәлімдегендей, 20 қараша күні сағат 05:30-да Екібастұз маңындағы Бозшакөл ауылынан 6 шақырым жерде техникалық ақаулар салдарынан автобус бұзылған. Новокузнецк-Шымкент бағытындағы «Setra» маркалы жолаушылар автобусында 45 адам болған. Оның 43-і Тәжікстанның азаматтары.

- Автобус Павлодар-Қызылорда тас жолының 200 шақырымында бұзылды, - деді Ернұр Өтегенов. - Департаментіміздің қызметкерлерінің көмегімен жолаушылар Бозшакөл ауылының жылыту пунктіне эвакуацияланды. Олар медициналық көмекке мұқтаж емес.

Бұдан басқа, 20 қарашада сағат 04:20-да Павлодар облысының Ақсу қаласына жақын жердегі Павлодар-Қызылорда автожолының 35 шақырымында техникалық ақаулар салдарынан Қарағанды-Омбы бағытындағы «Neoplan» автобусы бұзылған.

Ернұр Өтегеновтың айтуынша, автобуста 12 адам болған. Оның төртеуі - РФ азаматтары.

- 11 жолаушы Ленин кентінің «Сытый Спутник» жол бойындағы дәмханасына жеткізілді, - деді департамент басшысы. - Жолаушыларға медициналық көмек қажет болмады. Полиция департаментінің тексерісі нәтижесінде автобуста отын жүйесіндегі ақаулықтар анықталған.

Ертіс өңірінің тас жолдары бойында барлығы 208 жылыту пункті жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысында аяз бен желдің күшеюі салдарынан дабылды ескерту жарияланды. Құтқарушылар алыс сапарларға шықпауға кеңес береді.

Фото: ашық дерекөздерден, ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар-Қызылорда, тас жол, жолаушы, автобус