Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Жыр сайысына аудан-қалалардан іріктелген 47 оқушы қатысты

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімдігі ұйытқы болды.

Жиынның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ұлттық мұрамызды ұлықтап, ұлттық рухты асқақтатар шараның маңыздылығына тоқталды.

Ал, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов ақ батасын беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Екі жыл бұрын басталған жоба барысында қатысушылар «Қамбар батыр» мен «Алпамыс батыр» дастанын айтып жырласа, биыл балалар «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтуға тырысты.

9 ай бойына 264 беттен тұратын жырды жаттап, өз өнерлерін ортаға салды. Екінші кезеңде жыр ішіндегі жекелеген оқиғалар мен жер-су атауларына қатысты сұрақтарға жауап беріп, үшінші кезеңде жырдағы көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып түсіндірді.

Байқау қорытындысында Созақ ауданындағы Қ.Рүстемов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Өсер Тұран үздік өнер көрсетіп, 1 млн теңгеге ие болды.

Жеңімпазды сайысқа дайындаған ұстазы Асылзат Әметова 2 млн теңгенің сыйақысына ие болды. Сондай-ақ, екінші орын да созақтық оқушыға бұйырды. Ә.Науайы атындағы жалпы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Рәбия Шалтай екінші орынның тұғырына көтеріліп, 600 мың теңгеге ие болса, ұстазы Жазира Сәнкібаева 1 млн 600 мың теңге алды.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: