«Ақын-әлем» атты жоба аясында өткен әдеби кеш Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалымен бірлесе ұйымдастырылды.

Жұмағали Қоғабайды мерейтойымен құттықтауға ақынның әріптестері Ғалымбек Жұматов, Шолпан Байғалы, Арман Қани, ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлы, ағасы, белгілі журналист Жұмасейіт Бижан және басқа да азаматтар келді.

Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы Арман Қани сөйлеген сөзінде мерейтой иесінің адами қасиеттерін атап, ақынға Жамбылдың жасына жетуге тілек білдірді.

- Жұмағали Қоғабайдың құстың қос қанаты секілді ақындығы да, азаматтығы да бір-біріне лайық, - деді Арман Қани. – Сонау кеңес заманынан бері «Азат», «Невада-Семей» сияқты қоғамдық ұйымдарда бірге жүрдік. Жұмағали Қоғабай 80-90 жылдары демократиялық қозғалыс басталған шақта үлкен қоғамдық қызметтер атқарған адам. Әлі де сол ұстанымынан қайтқан жоқ. Отағасы ретінде де үлгілі азамат.

ПМПУ ректоры өз кезегінде мерейтой иесінің иығына шапан жапты.

Әдеби кеш кезінде музей қызметкері Амангелді Егінбай ақынның жырларын оқып берсе, Сәуле Арынғазина мен Жанболат Байсолтан кеш қонақтарына әдемі ән сыйлады.

Іс-шара соңында көрермен қауым музей ішінде ұйымдастырылған Жұмағали Қоғабайдың өмірбаяны мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер жиылған «Ақын – елдің ардағы» атты көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, Жұмағали Қоғабай 1949 жылы 1 қарашада Ақтоғай ауданы Шұға ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Екібастұз қаласында қалалық «Қазақ тілі» қоғамын құруға қатысып, 1993 жылдан осы қоғамның төрағасы қызметін атқарды. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі болды.

Арслан Ғалымбек

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Жұмағали Қоғабай, әдебиет, ақын, Бұқар жырау музейі