Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Қабылтаева мәлім етті.

- Бізде «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасына сәйкес облыстағы елді мекендердің 62 пайызын орталықтандырылған су жүйесімен қамту көзделген, - деді Әйгерім Қабылтаева. – Бағдарлама 2016 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бас-аяғы 33 жоба жүзеге асырылып, шамамен 40 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылды. Биыл 53 жобаны жүзеге асыруға 13 миллиард теңге бөлінді. 16 жоба бойынша жұмыстар аяқталса, жыл соңына дейін 25 нысанның құрылысын аяқтау көзделген. Нәтижесінде 37,8 мыңнан астам тұрғын сумен қамтылып, көрсеткіш 40 пайызға жетеді.

Спикердің айтуынша, 2019 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша облыстағы 353 ауылдың 121-і немесе 34,3% орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған.

- Қазіргі уақытта Екібастұз және Павлодар қалаларының ауылдық аймағы және Железин, Ертіс, Тереңкөл, Успен аудандарындағы ауылдардың 40 пайыздан астамы ауыз сумен қамтылған, - деді Әйгерім Қабылтаева. – Сондай-ақ сумен қамту бойынша артта қалып жатқан аудандар да бар. Баянауыл, Май, Ақтоғай аудандарында көрсеткіш 18 пайыздан төмен.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігі 2023 жылға қарай барлық ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту жоспарланған. Бүгінде 232 ауыл орталықтандырылған суға қол жеткізбеген.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ауыл, сумен қаму, ауыз су