Іс жүргізушілер мен аудармашыларға, тіл мамандарына арналған семинарды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды.

- Қазақ тілі мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған шараның пленарлық бөлімінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға байланысты мәселелер көтерілді, - деді басқармада. – Сондай-ақ қазақ тілін оқыту жөніндегі стандарт пен типтік бағдарламаны іске асырудағы оқытушылар жұмысының негізгі бағыттары қарастырылды.

Семинардың тәжірибелік бөліміне Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы және қазақ тілін меңгеруге арналған курстардың, көптеген оқу-әдістемелік құралдардың авторы Шолпан Кинжикова қатысты. Сонымен қатар, терминология және ресми құжаттарда терминдерді қолдану мәселелері қозғалып, мәтіндермен жұмыс кезінде орфографиялық және пунктуациялық ережелерді қолдану, латын графикасында жазу ережелерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Айта кетейік, жыл басынан бері өткізілген семинарларға Екібастұз қаласынан және Май, Баянауыл, Павлодар аудандарынан 200 аудармашы мен қазақ тілі мамандары қатысты.

Фото: облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, тіл