Жарысты облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарма мен Баянауыл ауданының әкімдігі ұйымдастыруда. Турнир 15 желтоқсанда сағат 12.00-де басталады.

Бүркітпен жарыс бағдарламасы қолға жүру, еркін ұшу, түлкі дәлбедеріне жүру (шырға) бойынша өткізіледі. 16 желтоқсан күні жарыстың ақтық бөлігінде қояндар мен түлкілерді аулауды өткізу жоспарланған.

- Турнир аясында иттердің – тазы ұлттық тұқымының көрмесін өткіземіз, - деді басқармада. – Жарысты ұйымдастырудағы мақсат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, ұлттық спорт түрлерін дамыту, аушы құстармен және иттермен ұлттық аң аулауды дәріптеу.

Турнирге облысымыздан және өзге де өңірлерден келген бүркіт аушы құстарымен 30-дан аса спортшының қатысуы жоспарлануда.

Айта кетейік, турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқармасының дипломдарымен, медальдарымен және кубоктарымен, сондай-ақ демеушілер қаражатының есебінен бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

Оразбек Саяхат
Фото: massaget.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ұлттық спорт, құсбегілік, турнир, спорт