Қазақстан Суретшілер одағының және Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі, ҚР мәдениет саласының үздігі, республикалық, облыстық көрмелердің қатысушысы Рыспек Стыбаев 1959 жылы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген.

Қылқалам шебері көп жылдар бойы Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрында бас суретші қызметін атқарды.

- Сурет салу нағашы жағымнан дарыған екен, - деді Рыспек Стыбаев. – Ал, осы суретшілікке келуіме ауылдасым, Ғалым Қаржасовтың ықпалы көп болды. 1975 жылы оқу бітіргенімде ағамыз әскерден келді де Алматыдағы училищеге бірге баруға кеңес берді. Көп жылым тетрда өтті. 50-ге жуық қойылымның бас суретшісі болдым. Өзім кескіндемеге көңіл бөлмеппін. 2010 жылы елордамыздағы суретшілер жиынына қатысқаннан кейін ғана ден қойдым. Табиғат суретін салған сайын адамды тартады екен. Жалпы, суретші болу үшін адам өте төзімді бола білу қажет.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіндегі мерейтойлық көрмеге суретшінің 30-ға жуық туындысы қойылды.

Шара барысында павлодарлық облыстық Суретшілер одағының төрағасы Өсербай Шоранов құттықтау хаты мен Нұр-Сұлтан қаласы суртешілер одағының құрмет медалін табыстады.

- Рыспек – осы өңірге үлкен еңбегін сіңірген азамат, - деді Өсербай Шоранов. – Біздің мақтанышымыз. Театрда көп еңбек етті. Нәтижесін көрмеден көріп отырсыздар. Бір мақтанып айта кететінім, биыл республикамыздың Әбілхан Қастеев атындағы орталық музейінде павлодарлық суретшілердің көрмесін ашқан болатынбыз. Сол музей 9 суретшінің еңбегін алып қалды. Оған жай сурттерді ала бермейді. 9 адамның ішінде Рыспектің де туындылары музей қорына енді.

Рыспек Стыбаев 1977 жылы Алматы көркем сурет училищесіне оқуға түсіп, 1983 жылы бітірді. 1978-1980 жылдары әскер қатарында борышын атқарды. 1983-1986 жылдары Павлодар химиялық зауытында безендіруші-суретші қызметін атқарған. 1986 жылы Т.Жүргенев атындағы АГТХИ оқуға түсіп, оны 1991 жылы бітіріп, Павлодар суретшілер одағында дизайнер-суретшісі болып еңбек етті. 1993 жылдан бастап 2016 жылға дейін Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрында бас суретші қызметін атқаруды.

Айта кетейік, Рыспек Стыбаевтың суреттері Ресей, Біріккен Араб Әмірліктерінің, ҚР мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы және өзге де музейлердің қорында сақталған.

Оразбек Саяхат
Фото: автор және Досжан Мұратбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, суретші, көрме, өнер, мәдениет