Облыстық білім беру басқармасы хабар еткендей, 55-інші облыстық пән олимпиадасында 26 команда бақ сынады. Олар 15 пән бойынша білімдерін сарапқа салды. Олимпиада № 16 лицей-мектебінде өтті.

Құрамы бойынша саны жағынан ең үлкен командалар – дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейі – 56 оқушы, «Жас дарын» мамандандырылған мектебі – 49 оқушы, Павлодар қаласының құрамасы – 59 оқушы. Аудандар арасында құрамы бойынша саны жағынан ең үлкен командалар – Баянауыл ауданы – 25, Павлодар ауданы – 26.
2017 жылы облыстық олимпиаданың ең көп қатысушылары бар пәндер - ағылшын тілі – 86 оқушы, Қазақстан тарихы пәнінен – 67 оқушы және биология пәнінен – 69 оқушы.
Олимпиада қорытындысы бойынша сапасы жағынан жоғары көрсеткішке ие болған командалар және оқушылар жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық бағыт бойынша келесі сертификаттарға ие болды:
«Ең үздік олимпиадалық команда-2017» номинациясында –
Жаратылыстану-математикалық бағыты: І орын - дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебі; ІІ орын -«Жас дарын» мамандандырылған мектебі; ІІІ орын - дарынды ер балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты.

Гуманитарлық бағыт: І орын - «Жас дарын» мамандандырылған мектебі; ІІ орын – дарынды балаларға арналған №3 гимназия; ІІІ орын – облыстық дарынды балаларға арналған көп салалы лицей-интернаты және Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты.

«Ең үздік қалалық команда-2017» номинациясында - Павлодар қаласының құрама командасы,
«Ақыл жастан, асыл тастан» - Кыдыркулова Алия, дарынды балаларға арналған №3 гимназиясының 6 сынып оқушысы.
«Олимпиаданың жаңа жұлдызы» - Татаринова София, дарынды балаларға арналған №3 гимназиясының 8 сынып оқушысы.

Оқушылардың жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиадасында 295 оқушы І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды, оның ішінде І орын - 63, ІІ орын - 83, ІІІ орын – 149.

Жоғары нәтиже көрсеткен тоғыз оқушы үш оқу орнының білім грантына ие болды.
С.Торайғыров атындағы ПМУ университеті төрт, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты үш және Инновациялық Еуразия университеті екі білім гранттарын ұсынды.

pavlodarnews.kz